Тұрғындарды мәселелері бойынша қабылдады
Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңес төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде жеке және заңды тұлғалар өкілдеріне арнап қабылдау өткізді.
Қабылдау карантин талаптарына сәйкес ұйымдастырылды және тұрғындар мәселесі бойынша қабылдауға Тереңөзек кентінің әкімі Н.Бисембаев, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Е.Дәуітбекұлы қатысты.
Қабылдауға жұмыс мәселесімен келген Л.Ғаниқызы өзінің түйіндемесін ұсынып, жұмысқа орналасуына көмек көрсетуді сұрады. Бұл мәселе бойынша депутат жұмыссыз азаматтың өтінішін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы М.Қаратаев пен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Е.Дәуітбекұлының назарына ұсынып, шешілу жолдарын қарастырды. Қабылдауға келушінің жұмыссыз азамат ретінде тіркеуде тұрғанын айтқан бөлім басшысы мен орталық директоры алдағы уақытта мамандығына сәйкес жұмыстар ұсынылатынын, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылса, міндетті түрде хабарланатынын айтты.
Келесі тұрғын Ж.Ізбасқанова тұрғын үй мәселесі бойынша қабылдауға келді. Ол халықтың осал топтары санаты бойынша ауданда №27 кезекте тұрғанын айтты және қашан баспаналы болуы мүмкін екенін сұрады. Бұл мәселе бойынша депутат А.Ибрагимұлы Тереңөзек кентінің әкімі Н.Бисембаев пен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияровқа бейресми ақпараттар бойынша «көпқабатты тұрғын үйлерде бос тұрған пәтерлер бар» деген мәлімет бойынша зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігін, егер ол расталса құжаттар топтамасы жинақталып, бос пәтерлерді тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға беру керектігін тапсырды.
Қабылдауға сондай-ақ Н.Ергешбаев көшесінің тұрғыны Н.Баймахан келді. Ол өздері тұратын көшенің 100-150 метрдей аумағына асфальт төселмегенін айтып, тас төсеуге қолдау көрсетуді сұрады. Ал Ағайынды Бозжановтар көшесінің тұрғыны Н.Бакиева «Әйтек» каналының үстінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салуды ұсынды. Бұл екі мәселе бойынша Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңес төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы Тереңөзек кентінің әкімімен, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысымен бірге көшеге барып, тұрғындар мәселесімен танысты. Көшеге тас төсеу және жаяу жүргіншілерге арналған көпір салу үшін жоба-сметалық құжаттар дайындалып, бюджетке ұсыну қарастырылатын болды.
Қабылдауға «Жасыл Ел» еңбек жасағының мүшелері Б.Зинадинқызы мен А.Базарбаева келді. Олар жастардың жұмыс істеп, жалақы алуына жағдай жасаған және туған жердің тазалығына үлес қосуына мүмкіндік сыйлаған жобаның жүзеге асқанына алғыстарын айтып, ризашылықтарын аудан әкіміне жеткізуді сұрады. Сырдария аудандық мәслихатының ең жас депутаты А.Ибрагимұлы ауданда жастар саясатының дамыту, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат беріп, «Жасыл Ел» еңбек жасағының мүшелеріне сәттілік тіледі. Жастардың алғыстарын аудан әкімі М.Ергешбаевқа жеткізетінін айтты.
Осылайша, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңес төрағасы Ақтөре Ибрагимұлының «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен қоғамдық қабылдауы қорытындыланды. Қабылдаудан соң жергілікті БАҚ өкілдеріне қысқаша сұхбат берген депутат тұрғындардың мәселелерін жеке бақылауына алатынын айтты.