Аудандағы ахуал тұрақталып келеді
Мемлекет басшысының пәрменімен ел Үкіметі тарапынан берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуының нәтижесінде өңірдегі эпидемиялық ахуал тұрақтанды. Соңғы екі аптада короновирустық инфекция жұқтырған науқастардың тіркелуі ауданда да азайып, денсаулық сақтау саласы біртіндеп қалыпты жұмысқа көшірілуде. Дегенмен карантин талаптарын орындау мен сақтық шараларын ұстану тұрғындар үшін маңызды болып қала береді.
Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының 14 тамыз күнгі мәліметінше, аудан бойынша барлығы 180 науқас коронавирус індетіне шалдыққан. Оның ішінде 172 азамат дерттен толық айығып шыққан және бұл 95,5 пайызды құрайды. Қауіпті індетке шалдыққандардың арасында әйелдердің саны көп. Мамандар тіркелген барлық науқастың 104-і әйел адам болса, қалған 76-ы ер азаматтар екенін айтады.
Бүгінде ауданның Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Бесарық, Шіркейлі, С.Сейфуллин және Қалжан ахун ауылдарындағы коронавирус індетіне шалдыққан азаматтар толығымен жазылып, үйлеріне шығарылды. Олардың жағдайы жақсы және дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Қалған елді мекендердің де көрсеткіші жақсарып келеді. Соңғы аптадағы мәліметтің қорытындысымен аймақтық дәрігерлерге нақты тапсырма беріліп, эпидемиялық ахуалды тұрақты ұстау бағытында іс-шаралар қабылдануда.
Атап өту керек, аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топтар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласы қызметкерлері мен аз қамтамасыз етілген отбасыларға әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырылуда. Қайырымдылық шараларына белсене атсалысып, ерікті түрде елге қызмет еткен қоғам мүшелерінің бірқатары осы аптада аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ