Әлеуметтік дүкеннің игілігі
«Қайырымды істер марафоны» аясында әлеуметтік желілерге халықтан киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылданатындығы жарияланды. Жомарт жандар табылды. Әлеуметтік дүкенге жеткізілген 3000-нан астам киім-кешек, 10 тұрмысқа қажетті зат кезекті жәрмеңкеде тұрмысы төмен отбасыларға таратылып берілді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық волонтерлер фронт офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов хабарлады.
« Облыстық жастар орталығына келе алмайтын жандарды ескеріп, тұрмысы төмен отбасыларды әуреге салмай, біз апта сайын әр шағын ауданда көшпелі жәрмеңке ұйымдастыруды жөн санадық. Нәтижесінде Баламекен елді мекенінде, Сабалақ және Ягодка саяжайында тұрғындарға киім-кешек үлестірдік. Алдағы уақытта, Белкөл кентіне бару жоспарда бар. Жәрмеңке аясында 600-ден астам отбасыға халықтың қолдауымен әлеуметтік көмек, сондай-ақ, мүгедек жандарға 7 арба, 3 ходунок, 2 балдақ берілді», - деді ол.
Қайырымды істер бастамасы мұнымен біткен жоқ. Өткен айда Арал ауданына облысымыздың кәсіпкерлерінің, мешіт имамдары мен жамағаттарының, ерікті жастардың қолдауымен 12732 бау шөп жөнелтілді.
Тағы бір қуанышты жаңалық, Сабалақ саяжайында тұратын қос мүгедек баласы бар отбасыға кәсіпкерлердің қолдауымен баспана алып берілді. Шиеліде де тұрмысы төмен бір отбасыға үй табысталды.
Ал, Қазалы ауданы, Бірлік ауылдық округ әкімі аппараты және ауылдың ерікті жастарының бастамасымен «Рамберді ишан» мешіті жанына, мешіттің жабдықтарын қоятын сарайының іргетасы қаланды.