Сырдария аудандық Достық үйінде «Татуласу орталығы» ашылды
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған медиация институты 5 жыл көлемінде медиацияны дамыту мен насихаттау арқылы оның жұмысын қарқынды түрде жүйелендіріп, ұйымдастырып келеді. Осыған орай, бүгін Сырдария ауданындағы Достық үйінде «Татуласу орталығы» ашылды.
Мазмұнды шараға Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Д. Байдушев, Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары М. Дәулетбаева, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету және мониторинг бөлімінің басшысы А. Жұмабаев, Сырдария аудандық сотының төрағасы Р. Алдамбергенов, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, аудан ардагерлері қатысты.
Шарада алғы сөз алған аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен елімізде көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, Ассамблея әркез татулықты, өзара түсіністікті жақтайтынын атап өтті.
Ал облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары М. Дәулетбаева Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы негізінде ашылған «Татуласу орталығының» жұмысын үйлестіруге қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне алғысын білдірді. Сондай-ақ медиаторлардың қызметіндегі өзгерістер мен жоспарлар жөнінде ақпараттармен бөлісті. Өз кезегінде ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету және мониторинг бөлімінің басшысы А. Жұмабаев пен Сырдария аудандық сотының төрағасы Р. Алдамбергенов «Медиация туралы» Заңды жүзеге асыруда өмірі өнегеге толы, үлкен-кішіге сыйлы ардагерлердің алатын орны ерекше екенін айтты.
Айта кету керек, аудандағы «Татуласу орталығының» атқарушы хатшысы қызметі облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Сырдария ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы, жастар мәслихатының депутаты А.Мейрамбековке жүктелді.