Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық қалаулысы қабылдау өткізді

Халық қалаулысы қабылдау өткізді

Сырдария аудандық мәслихатының депутаты Ақтөре Ибрагимұлы «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде жеке және заңды тұлғалар өкілдеріне арнап қабылдау өткізді. Бұл халық қалаулысы "Фейсбук" әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына жариялады.  

– Сырдария аудандық мәслихатының депутаты ретінде «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде жеке және заңды тұлғалар өкілдеріне арнап қабылдау өткіздім. Қабылдау өткізетінім алдын ала әлеуметтік желідегі жеке парақшам арқылы жарияланған болатын. Сол хабарландыру бойынша кент тұрғыны Бақытжан Ахметов қабылдауға келіп, ескі орталық саябаққа баратын арық сағасын тазалау мәселесін көтерді.

Кент тұрғыны көтерген мәселені Тереңөзек кенті әкімінің орынбасары Ғани Нұртазаевпен, «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалының кеңесшісі Берік Бақытбекұлымен бірге тыңдап, талқылап, атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтадық. Сөйтіп қабылдаудан кейін бәріміз бірге «Әйтек» каналының жағасына барып, арнайы техникамен арық сағасын тазарттық.

Біз кент тұрғыны Бақытжан Ахметовпен және сала мамандарымен бірге арық сағасын тазарту жұмыстарын ұйымдастырып жатқанда Тереңөзек кентінің әкімі Нұржан Бисембаев та іс басына келді. Кент әкіміне арық сағасын тазарту, жалпы арықтың ішін қазу қажеттілігі айтылды. Әрине, бұл жұмыстарды кент әкімдігі «Әйтек» каналына су жіберілмей тұрып атқаруы қажет еді. Енді келесі жылғы ерте көктемде осы мәселені назарымызда ұстап, міндетті түрде арық сағасын жаңарту, қажет болса толықтай қазып, тазарту жұмыстары атқарылатын болады. Ең бастысы, іс басталды және мәселе назарымызға алынды, – делінген жазбада.

04 мамыр 2021 ж. 450 0