Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңадан сайланған ауыл әкімдері тіркеу куәліктерін алды

Жаңадан сайланған ауыл әкімдері тіркеу куәліктерін алды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ғ.Еркебай және Сырдария аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Б.Өтегенованың қатысуымен 2021 жылғы 25 шілдеде сайланған ауылдық округтер әкімдеріне куәлік табыстау рәсімі өтті.

Шара барысында аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Б.Өтегенова жаңадан сайланған Асқар Тоқмағанбетов ауылдық округінің әкімі Ғ.Алданазаровқа, Іңкәрдария ауылдық округінің әкімі С.Есдәулетовке және Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі С.Нұрмағанбетовке тіркеу куәліктерін табыстады.

Биыл еліміз бойынша алғаш рет ерекше форматтағы сайлау өтті. Ауылдық округі әкімдерінің сайлауы ұйымшылдықпен заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылды. Тұрғындар тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болып, өз таңдауларын жасады,- деді Б.Өтегенова.

Мұнан соң сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай бұл беріліп отырған куәліктің маңыздылығы мен ауыртпашылығына тоқталып, Сырдария ауданы бойынша тиісті жұмыстарды атқарған учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне өз алғысын білдіріп, халық таңдаған жаңа әкімдердің жұмыстарына сәттілік тіледі.

Осыдан кейін аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Омаров халық өз туып-өскен жерінің көркеюіне үлес қосар азаматтарды өздері таңдағанын және оларға үлкен сенім артқанын жеткізіп, жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдерін құттықтады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
28 шілде 2021 ж. 379 0