Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Вокзал маңы ретке келтірілді

Вокзал маңы ретке келтірілді

Газетіміздің №56-санында «Жабық вокзал кімге қажет?» та­қы­­ры­­бында сараптамалық мақала жарияланған болатын. Автор­дың қолға қа­лам алып, мәселенің мәнісін зерттеуіне түрткі болған темір­жол төңірегіндегі түйткіл еді.

«Сын түзелмей мін түзелмейді» деген. Айтылған сынды орынды қабылдап, одан оңтайлы нәтиже шығара білу – нағыз басшының ғана қолынан келетін іс.

Мәселе көтеріліп, тиісті орын­дарға ха­бар­ланғаннан кейін-ақ те­­мір­жол қызмет­керлері сенбілік жұ­мысына жұмыл­дырыл­ған. Нәти­же­сінде, бей-берекет өс­кен шөп жұлынып, қаптаған қоқыс тазала­нып, пандус өңделіп, қажетті сырлау, әктеу жұмыстары да жасалған. Ең жақсы жаңа­лық – перонға пойыз күтушілерге арналған орын­дықтар қойылған. Атқа­рылған жұ­мыстарды жіпке тізіп, арнайы видео түсірген теміржол қызметкері оны Сыр елінен шыққан теміржол генералы Әби Сарқыншақовқа және редакцияға жолдаған.

– Мәселенің мән-жайын аудандық га­зеттің бас редакторы мәлімдеді. Туған жер­ден жырақта жүрсем де, Сыр елін­де ат­қарылып жатқан істерден, жаңалық­тардан хабар алып отырамын. Ең үлкен қоғамдық орын саналатын, үлкен мәдениет талап етілетін теміржол вокзалының аянышты жағдайын суреттен көріп, жылдам мәселе көтерілуін сұрадым. Тиісті басшыларға өз тарапымнан ескерту жасадым. Ескертудің ескеріліп, тиісті жұмыстар жасалғаны көңілге демеу болды. Әркім өз өлкесінің патриоты болуға тиіс. Небір тұлғаларды дүниеге әкелген біздің туған жеріміздің жағдайы жаман болуға хақысы жоқ, – деп пікір білдірді теміржол саласының генералы Ә.Сарқыншақов.

Вокзал маңының ретке келтірілгеніне аудан тұрғындары дән-риза. «Халық – Құдайдың бір аты». Халық келетін, халық­пен тікелей жұмыс жасайтын орталықтың лас болуына, қызметкерлерінің дөрекі болуына еш негіз жоқ. Десек те, аталған салада шешілуге тиіс мәселе шаш етектен көрінеді. Ол туралы сала мамандары хабарлап, пойыздардың келе жатқанын және жүргізілетін уақытын хабарлайтын қыз­метті қайта жандандыру мен анықтама бюросын ашуға қолдау көрсетуді сұраған. Бұл мәселе «Nur Otan» партиясының аудан­­дық филиалымен бірлесе отырып қарас­тырылатын болады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 шілде 2021 ж. 330 0