Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүлдіршіндер балабақшамен қоштасты

Бүлдіршіндер балабақшамен қоштасты

С.Сейфуллин ауылындағы «Ақкөгер­шін» бөбекжай балабақшасында «Қош бол, сүйікті балабақшамыз!» ат­ты бүл­діршіндердің балабақшамен қош­тасу ертеңгілігі өтті.

Ертеңгілікте бүлдіршіндер ән айтып, би биледі. Өз өнерлерін ортаға салған балақайлар тәрбиешілердің нұсқауымен түрлі көріністер қойды. Бойы мен ойы өскен балалар мектеп табалдырығын аттауға дайын екендіктерін аңғартты. Тақпақтарды мүдірмей айтып, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.

Балалардың іс-шараға белсенділікпен және тыңғылықты дайындықпен қатысуы балабақша ұжы­мының жемісті жұмысының нәтижесі екені айқын.

– Бала – біздің болашағымыз. Мемлекет балаларға жақсы жағдай жасап, көп қолдау көрсетуде. Бейбіт елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жас өрендер балабақшамызда білім алып, ой-өрістерін кеңейтті. Олардың болашақта озат оқушы боларына сенеміз. Ата-аналарға, тәрбиешілерге алғысымды айтамын. Сондай-ақ балабақшамызға демеушілік көмек көрсетіп келе жатқан «Сейфуллин Жер» ЖШС директоры О.Саймағанбетовке, «Құндызды Май» ЖШС директоры Б.Рахметке, «Мұрат» дүкенінің иесі С.Тоқсейітоваға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді балабақша меңгерушісі Жаңыл Байназарова.

Атап өту керек, ертеңгіліктің жоғары деңгейде өтуіне музыка жетекшісі Назгүл Байділдаева, тәрбиешілер Ақтоты Сейілханова, Гүлнұр Төлегенова, Лиза Орынбасаровалар өз үлестерін қосты.
15 маусым 2021 ж. 1 238 0