Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш тақта орнатылды

Рақымжан Қошқарбаевқа ескерткіш тақта орнатылды

Жеңістің 76 жылдығына орай, Алматыда Рейхстагқа жеңіс туын алғаш тіккен, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевқа өзі 20 жылдан астам директорлық қызмет атқарған Алматы қонақүйінде ескерткіш тақта орнатылды.

Аталмыш шараға Алматы қонақүйінің өкілдері, режиссер Константин Харалампидис, қызы Әлия Қошқарбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева т.б қатысты.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде Орынша Қарабалина-Қазыбаева Рақымжанның өмір жолына тоқталып өтті.

“Гимлер үйі мен Рейхстақ арасы 360 метр екен. 1945 жылы осы арақашықтықты 7 сағат бойы жаңбырша жауған оқтың астында жүріп өтіп, алғаш болып Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа жеңіс туын тікті. Міне, содан бастап Бауыржан Момышұлының айтуы бойынша “исторический человек” атанды. Бауыржан Момышұлы айтады: “Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияны басқардым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен” деген еді. Осы қонақүйге Рақымжан 1967 жылдан бастап 20 жыл басқарды. 1973 жылы Ази-Африка елдерінің жазушылар конференциясы өтті. Осы конференцияға Мәскеуден атақты “Брест қамалын” жазған жазушы Сергей Смирнов келді. Сол кезде жазушы “мынандай керемет қонақүйді Рақымжан Қошқарбаевқа басқартып қойған Республика басшыларына рахмет” деген еді. Осы қонақүйге жаңартылып, қайтадан тақта ілініп жатқанына қуаныштымын”, - деді Орынша Қарабалина-Қазыбаева.

Батырдың қызы Әлия Қошқарбаева әкесінің Рейхстагқа алғаш ту тіккен батыр екенін 2-сынып оқып жүргенде мектепке әкесі келіп, оқушыларға сол тарихи күн туралы сыр шерткенде бір-ақ білгенін айтады.

“Әкем үйде соғыс туралы ештеңе айтпайтын. Үйде ол тек әке болды. Меніңше, сол кезде соғысқа қатысқан ұрпақ үйінде бұл тақырыпта сөйлеспейтін еді. Әкемнің осындай ерлік көрсеткенін білген жоқпын. 2-сынып оқитын кезде, бір күні әкем мектепке келіп айтқанда бір-ақ білдім. Бұл мен үшін таңқаларлық жағдай боды. Сол кезде “әкем батыр адам екен ғой” деп ойладым. 

Бір жас жігіт оқ астында қалмауы үшін 40-тардағы жауынгер пулеметті кеудесімен жауып қаза болған. Өлім аузында жатқан кісі "жас жігіттер өмір сүруі керек" деп айтып кетіпті. Әкем маған үнемі осы оқианы қайталап айтып беріп: “Соғысты жеңген генерал, полковник немесе керемет жоспарлар емес адамгершілік” деп айтып отыратын. Меніңше, бұл соғысты адам жеңді деп ойлаймын”, - дейді Әлия Қошқарбаева.  

Осы шараға режиссер Константин Харалампидис Мәскеуден арнайы келген. Ол Рақымжан Қошқарбаев туралы деректі фильм түсіріп жақтқанын, картина жылдың соңына қарай жарыққа шығатынын айтты.

Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев екені бүгін күллі жұртқа аян. Бірақ мұны кезінде КСРО саясаты мойындағысы келмеді. Сондықтан болар көпке дейін Рейхстагқа ту тіккен тұңғыш батырлар деп Егоров пен Кантарияны дәріптеп келді. Рақымжан Қошқарбаевтің жеңіс туын алғаш болып тіккенін белгілі жазушы Кәкімжан Қазыбайұлы Бауыржан Момышұлының 1958 жылғы тапсырмасы бойынша зерттеп, дәлелдеді. Берлинде алғаш болып ерлік көрсеткен қазақ батыры екенін дәріптеді. “Отпен жазылған өмірбаян” атты повесть жазды. 

Айта кетейік, Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы, 19 қазанда Ақмола облысы, Тайтөбе ауылында өмірге келген. 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген.

1944 жылы қазан айынан бастап I Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты.

Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті.

Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. Бейбіт жылдары партиялық әр-түрлі жұмыстарда болып, 1967 жылдан өмірінің соңына дейін Алма-Ата қонақүйін басқарды.

"Бірінші" дәрежелі Ұлы Отан соғысы, "Қызыл ту", "Берлинді алғаны үшін", "Варшаваны азат еткені үшін" медальдарымен марапатталған. "Жауынгерлік Қызыл Ту" ордені Рейхстагқа ту тіккені үшін беріліпті. Халық қаһарманы атағы Р.Қошқарбаевқа 2001 жылы берілді.

Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылы дүниеден өткен.

10 мамыр 2021 ж. 577 0