Облыс әкімі Сырдария ауданындағы бірқатар нысандарды аралады
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды. Өңір басшысы бірқатар нысандарды аралап, індетпен күрес барысын бағадамды. Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралады.
Гүлшара Әбдіқалықова ең алдымен Іңкәрдария ауылдық округіндегі «Ақжарма және К» ЖШС-нің егістік алқабына барды. Ауылдық округтегі «Ақтам» каналы бойынан экологиялық таза бақша дакылдарын өндіру технологиясы аясында 5 гектар жерге «Қара күләбі» қауын сортын өсіру қолға алынды. Бұл ретте «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу» институты егістік жерлерін тегін биотыңайтқыштармен қамтамасыз ету және негізгі зиянкестерге қарсы кешенді күрес жұмыстарын жүргізеді.
Мұнан кейін облыс әкімі аудандық маңызы бар Самара-Шымкент-Жаңадария автомобиль жолына жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Автомобиль жолының 15 шақырымы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында орташа жөндеуден өтсе, 2,5 шақырымы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жаңғыртылған.
Жұмыс сапары аясында Гүлшара Әбдіқалықова аудандағы коронавирус инфекциясымен күрес шараларына жете мән беріп, ауруханаға арнайы барды. Емдеу мекемесінде тұрғындарды вакциналау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын бақылап, медицина қызметкерлерінің дайындығын пысықтады.
Аурухана 110 төсек орынға арналған. Бүгінде 50 орындық инфекциялық стационар жұмыс істеуде. Індет күшейген жағдайда қосымша 100 орын дайындауға мүмкіндік бар. Қауіпті індеттен сақтану үшін 500 тұрғынға вакцина салынған.
Облыс әкімі індетпен ауырғандардың тіркелу көрсеткіші Сырдария ауданында жоғары болуына орай сақтық шараларын қатаң ұстауды, тұрғындарға вакцинация салуды кешенді түрде түсіндіру қажет екенін атап өтті.
Аймақ басшысы бірқатар білім беру ұйымдарын аралады. С.Сейфуллин ауылындағы №137 мектебі мен «Ақкөгершін» бөбекжай балабақшасындағы оқу-тәрбие процесін бақылады. 90 орындық тәрбие ұясында 85 бала тәрбиеленуде. Облыс әкімі дәстүрлі түрде оқитын балалардың қатаң санитариялық талаптарды сақтап, топтасып шоғырланбауына жол бермеу қажеттігін ескертті.
Әрі қарай ауылдық клубтың жұмысымен танысып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын таразылады. Сонымен бірге ардагерлермен кездесіп, пікірлесті.
Мұнан кейін өңір басшысы А.Тоқмағанбетов ауылындағы №135 орта мектептің жұмысымен танысып, оқу процесін бақылады. №135 мектептің бірінші қабатында орналасқан «Инклюзивті білім беруді қолдау» кабинетін аралап, қайта жаңғыртудан кейінгі спорттық-жаттығу залының жұмысын көрді.
Облыс әкімі нысандарды аралау барысында Асқар Тоқмағанбетов ауылындағы біртоп жер үлескерлерімен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Аймақ басшысы ауылдың бірлігін сақтауда екі тараптың ұсыныстары жан-жақты заң аясында қаралып, тиісті сот шешімі қабылданатынын жеткізді.
Әрі қарай өңір басшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын 3 тұрғын үй құрылысын көрді. Жаңадан бой көтеретін 1 тұрғын үйдің жалпы ауданы 67,4 шаршы метр, ені-9,50 метр, ұзындығы-9,60 метрді құрайды. Тұрғын үй құрылысы маусым айында аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Облыс әкімі Сырдария ауданындағы жұмыс сапарының қорытындысында Тереңөзек кентіндегі орталық алаңды абаттандыру жұмыстарын көрді. Алаңда 79 көшет пен бірнеше сортты гүл отырғызылып, замауани үлгідегі жарықшамдар орнатылатын болады. Сондай-ақ, қазақы ою-өрнектегі тастөсеніштер төселеді. Орталық алаңды абаттандыру жұмыстарына 83,4 млн.теңге қаржы бөлінген.
Өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Талғат Дүйсебаевқа мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс орындарын көбейту, індетпен күрес қарқынын күшейту, вакцина салуды белсенді жүргізу сынды маңызды жұмыстарды өз деңгейінде орындауды тапсырды.