Қауіпті індет күшіне мінді
Ауданда коронавирус инфекциясымен күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Өткен аптада аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ мүшелері арнайы рейд жүргізіп, санитарлық талаптарды сақтамаған бірнеше заң бұзушылықты анықтады.
Бейқамдық танытқан жергілікті тұрғындар мен салғырттыққа жол берген сауда және кәсіпкерлік нысандарының иелері көптеп кездесуде. Індет жайлаған тұста санитарлық талаптарды сақтамай жұмыс жасаған көпшілік немқұрайлылық танытуда. Кейбірі түсіндірме жұмысын жоққа шығарып, заң бұзушылық әрекеттерін қайталауда. Мәселен, мониторингтік топ мүшелерінің анықтауымен бір күнде 4 той иесі мен 1 көкпар ұйымдастырушыға, 2 дүкен сатушысына айыппұл салынды.
– Мониторингтік топ мүшелері ауданға қарасты барлық елді мекен тұрғындарына түсіндірме жұмысын тұрақты жүзеге асырып келеді. Барлық жағдайда талап қатаң. Елімізде коронавирус инфекциясы өршу үстінде. Қарапайым халыққа айтарымыз көпшілік ортадан бойымызды аулақ ұстап, сақтыққа көңіл бөлуіміз керек. Күнделікті жиын-тойларда адамдар көптеп шоғырлануда. Көшеде топтасып жүрген адамдар жетерлік. Бетпердесіз жүрген, қорғаныш қолғапты кимеген жергілікті тұрғындар түсіністік танытса дейміз. Шын мәнінде, індетпен жұдырықтай жұмылып күрескен кезде ғана қалыпты өмірге ораламыз, – деді аудан әкімдігі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, №1 мониторингтік топ мүшесі Ерлан Әбілдаев.
Айта кетейік, аудан бойынша бүгінде коронавирус инфекциясына шалдыққан адам саны 80-ге жетті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ