Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлескен отырыста бірқатар мәселе қаралды

Бірлескен отырыста бірқатар мәселе қаралды

Аптаның сәрсенбісінде аудандық мәслихаттың мәжіліс залында тұ­рақты комиссиялардың бірлескен отырысы өтті. Мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев және аудандық мәслихат депутаттары қатысқан бір­лескен отырысқа аудандық мәс­­лихаттың қаржы және бизнес, экономика, өндіріс салалары, ауыл шаруашылығы, құрылыс, комму­налдық шаруашылығы жөнін­дегі тұрақты комиссиясының төра­ғасы Д.Ералиев төрағалық етті.

Бірлескен отырыстың күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды. Тұрақты комиссия төрағасы, депутат Д.Ералиев мәселелердің маңыздылығына назар аударып, баяндамашыларға қысқа әрі нұсқа баяндауды тапсырды. Сондай-ақ депутаттарға талқылау кезеңінде хабарламашыға нақты сұрақтар жолдау қажеттігін ұсынды. Бірінші мәселе бойынша кент әкімі Н.Бисембаев аудан орталығында жүргізілген жұмыстарды, оның ішінде кәріз жүйесі, санитарлық тазалық барысы туралы баян­дады.

Кент әкімінің айтуынша, кенттің кәріз жүйесінде 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан насостардың тозығы жеткен. Осыған орай былтыр 5 дана насос ауыстырылған, қалғаны биыл жаңартылады деп күтілуде. Ал газдандыру бойынша кентте жоғары және орта қысымдағы құбырлар толық жүргізіліп, 6 газ басқару пункті орнатылған. Қазіргі таңда 292 тұрғын үй мен 8 мемлекеттік нысан «көгілдір отынға» қосылған. Тазалық жұмыстары да басты назарға алынған және күнделікті бақылауда.

– Кенттің аяқ су жүйесі 43,7 шақырымды құрайды. «Майжарма» каналынан кент көшелеріне және жеке тұрғын үйлерге аяқ су жеткізу үшін 14 су айдайтын мотор қойылған. Алайда, аяқ су көшелерге барып тұрғанымен тұрғындар өз аумақтарындағы арықтарды тазалап, қазуға мән бермейді. Бұл жұмысты тек кент әкімдігі атқарады деген ой қалыптасқан. Сондықтан тұрғындарға аяқ су мәселесін бірлесе шешуді ұсынамын. Ал санитарлық тазалықты сақтау бағытында рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бірлескен іс-шаралар жос­пары бар және тиісті мекеме өкілдерімен рейдтік тексерулер ұйымдастырылуда. Биыл тазалық сақтамаған 3 заңды және жеке тұлғаға қатысты хаттама толтырылды, – деген кент әкімі биыл 10 мың түп ағаш отырғызу жоспарланғанын жеткізді.

Бұл мәселе бойынша депутат Ж.Ембергенов «Майжарма» каналына бей-берекет қоқыс тө­гу ты­йылмай тұрғанын алға тартып, бірқатар ұсыныстар енгізсе, депутат С.Әбжәлиев қоқыс тастайтын полигонды ретке келтіру керектігін, бұл жұмыстың бір ізге түспеуі ауданға үлкен сын екенін атап өтті. Өз кезегінде депутат А.Қалдыбаева осы уақытқа дейін «Сыр сұлуы» композициясының аумағына бөлінген қаржылар аясында атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейтінін, нәтиже өте аз екенін жеткізді. Депутат М.Бисенов әріптестерінің сөзін қуаттап, былтыр кент аумағына егілген ағаштардың тек 30%-ның ғана көгеруін нәтижеге емес, көрсеткішке бағытталған жұмыс ретінде қабылдайтынын айтты.

– Кент – ауданның орталығы, яғни ауданның айнасы. Біз қала орталығына барып жүрміз, сонда істеліп жатқан жұмыстарды бізде де істеуге болады. Біздің кенттің негізгі көшесінің өзінде жөнді тротуар жоқ және бордюрлер де тозған. Мен кенттің тазалығымен айналысатын бір мекеме құруды, оның заңдылығын зерттеп, ұсыныс енгізуді ұсынамын. 2000 ағаш егіп, оның көктеуін әр мекеме қарағаннан түк өнбейді. Бір мекеме нақты айналысса, жұмыста сапа болады деп ойлаймын. Мысалы, биыл 10 мың ағаш егілмек. Оған да бюджеттен қаржы бөлінуде. Қазына қаржысын ұқыпты, сапалы іске бағыттауымыз қажет, – деді Марат Бисенов.

Тұрақты комиссия төрағасы, депутат Д.Ералиев кенттегі бейнебақылаулардың істен шыққанын және оны қабылдауда, күтіп-ұстауда кент әкімдігі тарапынан сапасына мән беру үшін нақты шаралар қабылданбағанын сынға алса, депутат Е.Жақып «Әйтек» каналының арғы бетінде (№36 мектеп-лицейі мен кентке кіреберіс аумақ) бірде-бір балалар ойын алаңы жоқ екенін айтып, осы мәселені назарға алуды сұрады. Мұнан бөлек халық қалаулылары жер кезегі, Тереңөзек кенті пен С.Сейфуллин ауылы арасындағы теміржол өткелінен тосқауыл бекетінің неліктен алынып тасталғаны, қос қабатты тұрғын үйлердің ауласына асфальттау жұмыстарының қашан жүргізілетіні, кент аумағындағы «Бөрт» қорымына барар жолдың тазалығы секілді мәселелерді көтерді.

Депутаттар тарапынан айтылған барлық сын-ескертпеге кент әкімі Н.Бисембаев жауап беріп, мәселелерді шешуді алдағы жұмыс жоспарына енгізетінін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев кенттің негізгі көшелерінде қараусыз жүрген мүйізді ірі қара малдарына қатысты жақында нақты шешім қабылданып, депутаттар назарына ұсынылатынын, айтылған ұсыныстар бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Екінші мәселе бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Бахтияров баяндама жасады. Бөлім басшысы аудан орталығының кәріз жүйесі мен газдандыру жұмыстары жөнінде ақпарат берді.

– Кенттегі 41 көпқабатты тұрғын үйдің 33-і кәріз жүйесіне қосылған. Сондай-ақ 30 бюджеттік мекеме, 7 кәсіпкерлік нысаны орталықтандырылған кәріз жүйесін пайдаланып отыр. Жеке тұрғын үйлерді кәріз жүйесіне қосу тұрғындардың өз өтініштері негізінде жүргізіледі. Бұл бағытта 16 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде кент бойынша 5 насос станция­сы күніне 150-200 текше метр кәріз суын екі мезгіл фильтрация алаңына айдауда. Бұл биологиялық тазалау станциясының іске қосылуына жеткіліксіз. Тозығы жеткен насостар кезең-кезеңімен ауыстырылуда. Ал газдандыру жұмыстарымен «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі айналысуда. Газ тұтыну тарифі бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді және бекітілген тариф бойынша газ төлемін жинау жұмыстары бас­талуда. Газдандыру жобасынан қалып кеткен және жаңадан салынған тұрғын үйлерге газ құбырын жүргізу мақсатында жоба әзірленіп, басқармаға өтінім жолданды, – деген бөлім басшысы газ құбыры желісін тұрғын үйге кіргізу үшін 6 жеке кәсіпкер жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Бұл мәселе бойынша аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов бірқатар сұрақ қойды.

– Кәріз жүйесіне қатысты тұрғындар арасында түсініспеушіліктер өте көп. Жақында бұл мәселе аудандық қоғамдық кеңес отырысында да көтерілді. Кенттегі бір үй кәріз жүйесіне қосылған, бір үй қосылмаған. Мемлекеттік нысандар да солай. Кезінде бюджеттен көп қаржы бөлініп, кәріз жүйесі жүргізілді. Өзіңіз толық қуатында жұмыс істеп тұрмағанын атап өткен биологиялық тазалау станциясына дейін салынды. Сонда оны толық қуатында пайдалана алмасақ не үшін қаржы бөлінді? Кәріз жүйесіне қосылған көшелер мен тұрғын үйлерді арттыру үшін нақты жоспар құрылған ба? Ол жоспар неге кент тұрғындарына түсіндірілмейді? Кәріз жүйесі нысандарын теңгерімге алған «Қазсушар» РМК «Арал» фил­иалы тарапынан неге бірде-бір ұсыныс берілмеген?, – деді мәслихат хатшысы.

Бөлім басшысы Е.Бахтияров кәріз жүйесін жүргізуге қатысты жоба 2013 жылы дайындалғанын және 2015 жылы пайдалануға берілгенін, жүйе жүргізілген аумақтағы нысандар кәріз жүйесіне қосылғанын айтты. Аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев алдағы уақытта кәріз жүйесін кеңейту бағытында ұсыныстар енгізілетінін, «Қазсушар» РМК «Арал» филиалымен бірлесе жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Айтылған сын-ескертпеден қорытынды шығарып, депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстар назарға алынатынын атап өтті.
Тұрақты комиссияның бірлескен отырысындағы үшінші мәселеге аудандық мәслихаттағы білім, денсаулық, мәдениет, әлеуметтік сала, жастар ісі, құқық қорғау, экология және табиғатты қорғау жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Б.Есназар төрағалық етті. «Сырдария орман және жан­уарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ директоры Ә.Рахымжанов баяндама жасады. Мекеме басшысы орман қоры, орман өртінің алдын алу, қаламшалар егу бағытында атқарылған жұмыстар мен браконьерлерге қарсы күресті күшейту мақсатында жүргізілген іс-шаралар жөнінде баяндады.

Бұл мәселе жөнінде депутаттар заңсыз аң аулау, табиғатқа қасақана зиян келтіру, өрт оқиғаларының алдын алуға ерекше басымдық беру, жағажайлар аумағын таза ұстау, суға түсуге болмайтын аумақтарға белгілер орнату, сексеуіл өсімдігін шаппауды назарда ұстау және атқарылған жұмыстарды ашықтық қағидаты негізінде жергілікті басылым ар­қылы халыққа ұдайы түсіндіріп отыруды тапсырды.

Осылайша, маңызды мәселелер кеңінен талқы­ланып, депутаттардың талап-тілегі мен сын-ес­кертпесі жергілікті атқарушы орган өкілдеріне ұсы­нылды және тиісті Қаулы қабылданды. Алдағы уа­қыт­та депутаттар тұрақты комиссиялардың бірлес­кен отырысын ауылдарда көшпелі түрде өткізуді қолға алмақ.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
03 сәуір 2021 ж. 492 0