Аудан басшысы көпір құрылысымен танысты
Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев «Қызылорда-Жалағаш» автожолы бойындағы «Елтай» каналына салынып жатқан көпірдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне, көпірдің уақытылы пайдалануға берілуіне мән берді.
Қызылорда қаласына баратын жолдағы 1974 жылы салынған көпірдің тозығы жеткен. Соған орай 2020 жылы жаңа көпірдің салынуына республикалық және облыстық бюджеттен 141 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. «Елтай» көпіріне салынып жатқан көпір құрылысы 2021 жылға өтпелі. Биылғы жылдың 3 мамырында жаңа көпір толық аяқталуы тиіс. Құрылыс жұмыстарын мердігер компания «Асылжас» ЖШС жүргізуде. Негізінен, канал арқылы А.Тоқмағамбетов ауылына қарасты 3360 гектар суармалы жерлерге су жеткізіледі.
Мердігер компания директоры Қазбек Жұмагелдиев бүгінде көпір салу жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын жеткізді. Құрылыс жұмыстары өз уақытында аяқталатынын атады.
Аудан әкімі жаңа көпірдің сапалы салынуына және уақытынан ерте аяқтау қажеттілігіне тоқталды.
– Осы жол арқылы Сырдария, Жалағаш ауданының тұрғындары облыс орталығына қатынап, көптеген техника жүреді. Сондықтан «Елтай» каналына салынып жатқан көпір құрылысы сапалы жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ құрылысты бекітілген уақыттан ерте аяқтау қажет. Өйткені, қазір егін науқаны басталды. Канал арқылы аудан шаруашылықтарының егістігіне су барады. Осыны ескеріп, құрылысты жеделдету керектігін назарға саламын, – деді аудан басшысы.