Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 1993 жыл: нарық заманындағы экономикалық дағдарыс

1993 жыл: нарық заманындағы экономикалық дағдарыс

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ауданның экономикалық дағдарысқа қарсы іс-қимыл, тұрақтандыру және нарыққа өту кезеңі ретінде тарих қойнауына ЕНДІ. 1992 жылды қорытындылап, 1993 жылға қадам басқан ауданның әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы туралы республикалық кеңесте Тереңөзек ауданының әкімі А.Божанова баяндағаны туралы ақпарат құралдары жариялаған болатын.

«Аудан шаруашылықтары 171 мың сом таза пайдамен аяқтап, өндірістің өнімділігі 36,7 пайызға жетті» деді кеңесте сол жылдардағы аудан басшысы. Жыл басында ауданда 85 шаруашылық жұмыс жасап, оларға 2820 гектар жер бөлінді. Нарықтық экономикаға көшкен жылы шаруашылықтарға екі дүркін қайтарымсыз қаржы берілді. Алғашында 1350 мың сом, екінші рет 1600 мың сом қаржы көмек ретінде көрсетілген. 63 қожалық банктен 4500 сом көлемінде қысқа және ұзақ мерзімге несие рәсімдеп, шаруа жұмысын жолға қоюға күш салды. Нәтижелі жұмыс атқарған және азық-түлік өнімін молайтуға үлес қосқан «Майлықұм», «Ақ­болтай», «Ақтүбек» шаруашылықтардың ең­бегі ерекше аталды.

Аудан тарихының шежіресінде 1993 жылы орын алған ірі оқиғалардың бірі – Қызылорда облысы әкімінің №414 қаулысымен шыққан құжат. Құжатта «Тереңөзек ауданында Бесөзек, Далакөл, Іңкәрдария, Қызылдихан, Қызылөзек, Қызыл Ту, С.Сейфуллин, Шаған, Шіркейлі ауылдық округтері құрылды» делінген.
Өткен ғасырдың ең қиын-қыстау кезеңі ретінде есте қалған 1993 жылы қыс ерте түсіп, ұзаққа созылды. Қазан айының аяғында жауған қалың қар қыстай көбесі сөгілмей ұзақ жатты. Төрт-түлік мал қорада қалып, сыртқа шықпады. Әсіресе, қой малының халі өте мүшкіл болған. Іңкәрдарияның тоқтылары мен саулықтарын Ақжарма, Шаған, Шіркейлі, Н.Ілиясов ауылдарына бөліп беріп, аман алып қалған.

Қарақасқа учаскесіндегі жем-шөп цехы іске қосылып, күріш қалдығы мен жоңышқаны, қамыс шөпті қосып, мал азығы шығарылған. Осындай аласапыран, елді күйзелтіп жіберген жылы облысқа ауыл шаруашылығы министрі С.Кулагин келген. Тікұшақпен Жалағаш, Қармақшы, Тереңөзек аудандарын аралап, күрделі жағдайды көзімен көрген. Нәтижесінде, көмек көрсету туралы шешім қабылданып, техника бөлген. Министрдің тікелей ықпалымен Іңкәрдарияға бірнеше жаңа «Беларусь» тракторы тіркемесімен, «Зил» автокөлігі берілген. Тынымсыз ерен еңбектің арқасында ауданда бірде-бір мал шығынына жол бермеген кеңшар директорлары ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттері үшін наградаға ұсынылған.

Бірте-бірте өтпелі кезеңнің, жаңа қоғамның қиыншылықтары еңсеріле бастаған. Шаруашылық жұмысы алдыңғы кезекке қойылғанымен, әлеуметтік сала, тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуі, жеке кәсіпкерлік назардан тыс қалмаған. Рухани дүние санатындағы «Сырлытам», «Мүлкілән» кесенелерін қайта жаңғырту жұмыстарына қаржы бөлінген.

Жалпы ауданның саяси-әлеуметтік өмірінде де үлкен өзгерістер орын алған. Тарихи деректер бойынша 1993 жылы ауданда 16 мектеп, 19 балабақша, 4 әуез, 2 балалар спорт мектебі, 1 оқу өндірістік комбинаты, жас техниктер стансасы, балалар мен жасөспірімдердің «Атамекен» орталығы жұмыс жасаған. Ауданның білім саласында халықтық педагогикаға басымдық берілген. Мектептерде этнографиялық кабинеттер мен музейлер ашылған. Оқу кабинеттері қазақтың этномәдениетіне сәйкес, тарихи үлгімен безендірілген. Тәуелсіз мемлекеттің өскелең ұрпағын рухани мол мұрамен сусындатып, тәрбиелеу басты орынға қойылған. Бірқатар білім ошақтары «Елім-ай» бағдарламасын қолға алған.

Мектептердің өзінде нарық жағдайына байланысты дағдарыстан шығудың барлық мүмкіндігі қарастырылды. Табыс табу көзін ашу қолға алынды. Ол үшін шеберханалар мен тігін кабинеттерінде оқушылардың өнімді еңбегін ұйымдастыру қажеттігі туындаған. Барлық мектеп өз шеберхана, қызмет көрсету кабинетінің мүмкіндігін пайдаланып, халық тұтынатын тауарлар өндіруді бастаған. Аудан бойынша мектептерде 57 млн. сомның тауары өндіріліп, жыл соңына дейін 25 млн сом пайда табу жоспарланды. Қаржыны үздік оқушыларға шәкіртақы, әлеуметтік аз қорғалған мұғалімдерге көмек, оқу кабинеттерін жабдықтауға жұмсау көзделді.

Осыдан 28 жыл бұрынғы аудан халқы басынан өткерген кезең жоғарыда айтылған қиыншылығы мол күндерімен есте қалған. Әсіресе, әлеуметтік тұрмыстық саладағы қиыншылық тереңдей түскен. 1993 жылдың қыс мезгілінде газ, су, жарық, жылу беру жұмыстары да кедергілерге тап болған. Көмір жетіспеушілігінен бірнеше мектеп, балабақша, тұрғын үйдің жылу жүйесі істен шығып, жұмысы уақытша тоқтатылған.

Аудан шаруашылығының өзегі саналатын Сырдария өзені де осы жылы дүлей мінез танытқан. Елді мекендерді, егістік жерлерді сақтап қалу жөнінде төтенше жағдайлар тобы құрылған. Мықты мамандар бастаған топ жұмысшылары уақытпен санаспай, ұйымшылдық көрсеткеннің арқасында ел-жұрт төтенше жағдайдан аман-есен шыққан. Бұл жөнінде аудан тарихына арналған «Сырдария ІІ» кітабында аудан әкімі қызметін атқарған А.Божанова былай деп еске алады:

«...Егер су тасқынға байланысты құрылған төтенше топ байсал­дылықпен шешім қабылдап, оны орындау жолында табандылық көрсетпей, Қараөзектің ескі арнасы бұзылған жағдайда биыл біздің ауданнан егін егіп, мал бағуы өте қауіпті болар еді. Бұл жөнінде облыс әкімінің шешімімен құрылған төтенше комиссияның біздің ұсынысымызды байыппен қабылдап, оң шешім қабылдағанына ризашылық білдіремін. Қиындықтар өтті, ауыр кезең қатал сыншы болды, бейқамдыққа үйренген біздерге үлкен сабақ болды, келешекке ұмтылуға себепші болды» – деп үлкен тебіреніс білдіреді.

Аудан халқы үшін қиын жыл болуымен есте қалған жылдың өзіндік жетістігі де болғанын айту керек. Кентке кіреберіс аумақта орналасқан спорт кешені дәл осы жылы пайдалануға берілгені белгілі. Әдепкіде денсаулық-спорт кешені деп аталған ғимарат құрылысы атақты құрылысшылар М.Дүзімбетов, М.Сейтімов, Х.Мұратбековтың басшылығымен жүргізілген. Көрікті спорт кешенінің айналасын жасыл желекке айналдыруға есімі елге белгілі спортшы, білікті басшы Шәкір Қиықбаев еңбек сіңірген. Өзі бас болып, әріптестерімен бірге ағаш егіп, аз уақытта үлкен бауға айналдырған жерге «Шәкір бауы» атауының берілуі тектен тек емес. 1993 жылдың маусым айында спорт кешенінде өткен облыстық семинарда сол кездегі облыс әкімі С.Шаухаманов: «Бұл бауды «Шәкір бауы» деп айтамыз дегені ол кісінің ауызы дуалы болғанын көрсетсе керек. Арада қанша жыл өтсе де осы бау «Шәкір бауы» аталуда.

Сонымен қатар 1993 жыл ел тарихында айтулы оқиғамен орын алғаны белгілі. Қараша айында Ұлттық валюта – теңге дүниеге келіп, шын мәнінде тәуелсіздіктің тамаша тартуы болды. Әлі есімде, осы жылы алғаш студент атанып, Қызылорда қаласында оқитынмын. Қытымыр қыс қылышын сүйретіп, ерте келіп, ел әбіржігенде жаңа төл теңгеміз дүниеге келіп, халықтың еңсесі көтерілді. Қағаз тиындардың өзінде құн болып, кәдеге жараған жылды осындай қуанышымен қорытындылаған халқымыз келер жылдан зор үміт күтті.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
30 наурыз 2021 ж. 478 0