Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек озаттары үздік атанған жыл

Еңбек озаттары үздік атанған жыл

Өздеріңізге белгілі, газетіміздің 27 ақпан күнгі №16 санында «Қалыптасу кезеңіндегі қар­қын­ды істер» тақырыбында мақала жарияланған болатын. Тұрақты айдарымызды ары қарай жал­ғастырып, бүгін 1992 жылы ауданда атқарылған жұмыстар туралы ақпарат­тарды ұсынамыз.

Аудан тарихының шежірелі жинағына айналған аудандық газеттің 1992 жыл­ғы тігіндісіне зер салсақ, сол жылы ауданымызға қарасты Қараөзек совхозының 30 жылдығы кеңінен аталып өтілгенін аңғаруға болады. Жергілікті газетте сол кездегі аудан әкімі Алмагүл Божанованың құттықтауы мен Қараөзек совхозының директоры Алтай Сыздықовтың мақаласы жарияланыпты. Социалистік Еңбек Ері Ахмет Халықов шыққан сов­хозда 1992 жылы «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған 11 адам болса, 2 еңбеккер Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің «Құрмет грамотасын» иеленіпті. Мерейтой Қараөзек совхозында ғана емес аудан орталығы мен басқа да елді мекендерде тойланған.

Мұнан бөлек осы жылы аудандық газет­те «Аудан әкімшілігі: кім немен айналысады?» тақырыбында ақпараттық мақала жарық көріп, аудан әкімі мен аудан әкімі орынбасарларының атқаратын жұмыс­тарының бөлінісі жария етілген. Мәселен, аудан әкімінің бірінші орынбасары К.Жолдыбаев ауылшаруашылық саласына жетекшілік етсе, әкім орынбасары Ғ.Үдербаев экономикалық реформалардың жүзеге асырумен, Т.Дайрабаев әлеуметтік сала жұмыстарымен айналысқан.

1992 жылы аудандық газеттің атауын өзгерту жөнінде де бастама көтерілген. Жергілікті тұрғындар мен зиялы қауым өкілдері сол кездегі «Еңбек туы» газетін «Тереңөзек дидары», «Тереңөзек өңірі», «Тереңөзек өмірі», «Тереңөзек тірлігі», «Ауыл өмірі», «Тереңөзек тамыршысы», «Молшылық мекені», «Өркенді Тереңөзек», «Тереңөзек тұрмысы» деп атауды ұсыныпты. Дегенмен Тынышбек Дайрабаев, Келдібай Уәйісов, Тұрғанбай Болғанбаев, Асқар Кіребаев есімді азамттардың ұйғарымымен газет атауы 1992-1997 жылдары «Тереңөзек тынысы» деп аталған. Сонымен қатар осы жылы жерлесіміз Қалтай Мұхамеджановқа «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілген. 1992 жылы ауданға КСРО және Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланова келіп, өнерсүйер қауыммен кездесіп, жұртшылыққа концерттік бағдар­ламасын ұсынған.

Мешін жылы ауылшаруашылық саласы жұмыстарының қорытындысы бойынша облыс орталығында өткен сабантойда Тереңөзек ауданына бірінші орын мен 80 мың сом қаржылай сыйақы берілген. Екінші орынды Жаңақорған ауданы, үшінші орынды Шиелі ауданы иеленгенін атап өтуіміз қажет. Облыс әкімі С.Шаухаманов тереңөзектіктердің тынымсыз еңбегін жоғары бағалап, жоғары марапатты салтанатты түрде табыстаған. Жыл қорытындысымен өндірістік-техникалық коператив қызметкері Жақсылық Ілиясов «Озат темір жонушы», аудандық байланыс торабының монтері Бақыт Маханбетжанов «Озат байланыс қызметкері», Қараөзек кеңшарының жас шопаны Алып Маймақов «Озат шопан», аудандық құрылыс, құрас­тыру мекемесінің бригадирі Тәлеш Қожабаев «Озат құрылысшы» аталымы бойынша жыл үздігі атанған. Мұнан бөлек Мәрия Сейпулова «Озат сауда қызметкері», Ораз Күлмеснақов «Озат оператор-машинисі», Ахмет Бектібаев «Озат астық тазалаушы», Марат Балдаев «Озат электр жүйесі қызметкері», Әшірбек Жалжанов «Озат жатка машинисі», Тұрмахан Жұмаев «Озат комбайншы» аталымын жеңіп алған. 1992 жылы ауданымызда жергілікті ақын, сол кездегі аудандық радио хабарын тарату редакциясының аға редакторы Балашбек Шағыровтың 50 жылдық мерейтойы және шығармашылық қызметінің 30 жылдығы аталып өтілген. Аудандық мәдениет үйі мен елді мекендерде арнайы іс-шаралар мен тақырыптық кештер ұйымдастырылып, ақынның шығармашылығы насихатталған.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасында бір жыл ішінде саясат пен экономикада жаңа реформалар қабылданып, өзгерістерге жол ашылды. Президенттік басқару жергілікті жерлерде облыс, қала және аудан әкімдері арқылы жүзеге аса бастады. 1992 жылдың қараша айында әкімдердің және халық депутаттары жергілікті кеңестері төрағаларының республикалық кеңесінде экономикалық дағдарысқа қарсы шаралар мен экономиканы тұрақтандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың ережелері талқыланды. Аталған кеңесте Тереңөзек ауданының әкімі А.Божанова баяндама жасады. Осы жылы ауданның сүт шаруашылығы саласында ағымдағы бағамен 1,3 миллиард сомның өнімі өндірілген. Жаңадан 85 шаруа қожалығы құрылып, оларға 2,8 мың гектар жер бөлініп берілген. Шаруашылықтардың аяққа тұрып кетуіне көмек ретінде орталықтандырылған қордан бірінші рет 1350 мың сом, екінші рет 1600 мың сом қайтарымсыз қаржы бөлінген. Бір сөзбен айтқанда, ел егемендігінің екінші жылында ел-халықтың игілігі үшін осы тектес көптеген іргелі істер атқарылған.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
10 наурыз 2021 ж. 339 0