Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақта кене белсенділігі байқалады

Аймақта кене белсенділігі байқалады

Қызылорда облысында соңғы күндері жергілікті тұрғындарды кенелердің белсенділігі алаңдатып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, өңір конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Биыл облыста оған байланысты 113 елді мекен қолайсыз аумақ ретінде есепке алынды.

Мұндай елді мекендердің басым көпшілігі Жалағаш және Арал аудандарында орналасқан. Қазір эпидмаусымның басталуы байқалады. Соған орай қолайсыз елді мекендерде мамандар тарапынан аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы профиактикалық шаралар да жүзеге асырылуда.

«Энтомолог мамандардан тұратын 3 арнайы жұмысшы топ құрылған. Мамандар елді мекендерде зоологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс барысында 2163 кене жиналып, 226 сынама зерттелді. Әзірге конго-қырым геморрагиялық қызбасына байланысты оң нәтиже анықталған жоқ. Дегенмен, кенелердің ересек және нимфа (жас) түрлері табиғатқа белсенді шыға бастағаны белгілі болды. Жыл басынан бері кене шағумен медициналық көмекке 2 адам жүгінген», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның хабаралуынша, жыл сайын барлық қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады. Биыл залалсыздандыру жұмыстары 42,85 шаршы шақырым жер көлеміне жүргізіледі. Алғашқы кезеңі сәуір мен маусым аралығында басталады.

28 наурыз 2021 ж. 514 0