Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандық семинар өткізілді

Аудандық семинар өткізілді

Жақында аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен №147 орта мектеп базасында «Мәңгілік қазақ елі-дарынды жастар мекені» атты жас ұстаздардың қатысуымен аудандық семинар өткізілді

Семинардың негізгі мақсаты: білім мен ғылымды дамытуға, бәсекеге қабілетті және қоғам құруға атсалысып жүрген аудан жастарына қолдау көрсете отырып, мәңгілік қазақ елінің креативті, жаңаша ойлай білетін жаңа толқынын қалыптастыру екені мәлім. Іс-шара барысында өткенді ұлықтау, мектептің тарихын келер ұрпаққа таныту мақсатында 10 бөлімнен тұратын мектеп мұражайымен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әмірбекұлы Нұрболат таныстырды.

Мектеп педагог-психологі Қыдырова Алия «Жарқын болашақ иесі-бүгінгі жас маман» тақырыбындағы тренингін, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Полатова Мөлдір «Білім инемен құдық қазғандай» интеллектуалдық сайысын, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахметова Назерке «Ой мен ойын» тренингін, дене шынықтыру пәні мұғалімдері Маратов Мақсат пен Сағымбаев Алмат «Салауаттылық-өмір негізі» тақырыбында спорттық сайыстарын ұйымдастырды.

Аталған семинар Бесарық ауылының мұражайымен танысу, демалыс аллеясын тамашалау, ауылдағы мәдениет қызметкерлерінің мерекелік тартуымен жалғасын тапты. Өз кезегінде Ұлы дала ұрпақтары жобасы аясында ел анасы, Еңбек Қызыл Ту, Ленин Орденінің иегері Әуезова Күлжан анамызға қойылған ескерткіш алаңында еңбегімен үлгі болған ананың еңбек тарихы таныстырылып, құрмет жасалды. Сонымен қатар Бұхар төбенің өз тарихын қойнауына жасырған шежірелі жердің сырымен танысқан жас ұстаздар Берекелі Бесарық елді мекенінен шабытты рухты әсер алып қайтты.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

15 наурыз 2021 ж. 892 0