Кезекті IV сессия тікелей эфирде өтті
Аптаның сәрсенбісінде Сырдария аудандық мәслихатының кезекті IV сессиясы өтті. Сессияға депутаттардан бөлек аудан әкімі Т.Дүйсебаев, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, аудан әкімі аппараты мен мәслихаттың жауапты қызметкерлері және күн тәртібінде қаралатын мәселелерге байланысты мектеп директорлары қатысты.
Кезекті сессия басталмас бұрын тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өткізілді. Бірлескен отырыста депутаттар сессия қарауына ұсынылған мәселелерді кеңінен талқылап, баяндамашыларды тыңдады. Мекеме басшыларына депутаттық сауалдар қойылып, жауаптар алынды. Депутат З.Жаманқұлов төрағалық еткен кезекті IV сессияның күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Сессия бірінші рет «Aitube» платформасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының карантин талаптарын күшейту мақсатында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Басқарма басшысы Е.Ұзақбаев баяндама жасап, қауіпті дертпен күрес жұмыстарының барысы мен алдағы міндеттер жөнінде ақпарат берді.
– Сырдария ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін короновирустық инфекцияның 200 нақтыланған жағдайы тіркелді. 41 адам үй карантиніне оқшауланса, 158 азамат стационарда ем алды. Өкінішке орай, бір науқас қайтыс болды. Дертке шалдыққандардың 109-ы әйел болса, 91-і ер азаматтар және басым бөлігі жұмыссыздар, зейнеткерлер және медицина қызметкерлері. Аудан бойынша 7280 сынама тест алынды, 7044-і теріс нәтиже көрсетсе, 200 сынама оң қорытынды көрсетті. Сырдария ауданы бойынша бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына және аудан әкімінің өкіміне сәйкес 3 мониторинг топ құрылды. Топ мүшелері өткен жылы 568 нысанды тексеріп, 217 рейдтік іс-шара ұйымдастырды. 2021 жылдан бастап 21 рейдтік тексеріс жүргізіліп, 81 нысан бақылауға алынды. Тексерулер барысында анықталған кемшіліктерге сәйкес 2020 жылы 17 нысан қызметкеріне, 43 жеке тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 425 бабының 1-тармағы бойынша барлығы 2 500 200 теңге айыппұл салынып, өндірілді. Ал биыл отбасылық жиын-той өткізгені үшін 2 жеке тұлға жауапкершілікке тартылды, – деген басқарма басшысы карантин талаптарының бұзылуы тұрғындардың ортақ талапқа салғырттық танытуы салдарынан орын алғанын атап өтті.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қауіпті індетті болдырмау мен алдын алу үшін 2021 жылы 1481 тұрғынға екпе егу жоспарлануда. Оның ішінде бірінші кезекте халыққа стационарлық, амбулаториялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың, жалпы және орта кәсіптік білім беретін мекемелердің, балабақшалардың, жергілікті әкімдіктің және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласы мамандарына екпе салынады. Бұл жұмысты үйлестіру үшін 4 екпе егу бригадасы құрылған.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша депутаттар бірнеше депутаттық сауал жолдады. Ең алдымен Ж.Ембергенов кент пен ауылдардағы негізгі көшелердегі билбордтар мен ұран сөздердің саны мен сапасы жөнінде сауал жолдаса, А.Ибрагимұлы мен Е.Жақып наурыз айында мерекелер көп екенін айтып, қосымша шаралардың қабылдану жоспарын, екпе егу бойынша қарсылық танытқандарға түсіндірме жұмыстарының жүргізілу барысын, сынама тесттің қанша күнге жарайтынын, қоғамдық тамақтану орындарындағы бақылау шараларының нәтижесін баяндауды сұрады. Өз кезегінде Д.Ералиев мектептердегі санитариялық-дизинфекциялық талаптардың сақталуын көтерсе, А.Қалдыбаева халықты әуре-сарсаң мен үрейге душар ететін жалған ақпараттармен күрес жұмыстарының барысын депутаттық сауалына арқау етті.
Басқарма басшы Е.Ұзақбаев депутаттардың сауалы бойынша кент пен барлық елді мекенде карантин талаптарын сақтау бойынша халықты құлағдар ететін билбордтар мен ұран сөздер ілінгенін атап өтті. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес алдағы мереке күндеріне арнайы қаулы қабылдануы мүмкін екенін, бұл мәселе бақылауда тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ әзірге екпе егу жұмыстарына байланысты қарсылық танытқандардың тіркелмегенін, екпе ерікті түрде салынып жатқанына назар аударды. Сынама тесттің үш тәулікке жарайтынын, сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындары мен мектептердегі санитарлық талаптарға тұрақты түрде тексеру ұйымдастырылып жатқанын айтты. Жалған ақпараттарға тосқауыл қою және ашықтық қағидатын іске асыру бойынша «Facebook» әлеуметтік желісінде басқарманың ресми парақшасы жұмыс істейтінін, аталған парақшада нақты әрі сапалы ақпараттар жарияланатынын атап өтті.
Мұнан соң жарыссөзге жазылған депутат Е.Жақып пандемия ел азаматтарының өмір сүру дағдысына кері әсер еткенін, сондықтан індеттен тез құтылу үшін әр азамат жеке жауапкершілік таныту керектігін жеткізді. Сессияға қатысушыларды карантин талаптарын сақтауға шақырды.
Карантин талаптарын сақтау білім саласына да тікелей қатысты мәселе. Себебі пандемия кезеңінде кейбір мектептер қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Осыған орай сессияда аудандық білім бөлімінің атқарған жұмыстарының да есебі тыңдалды. Бөлім басшысы Қ.Омаров баяндама жасап, білім саласы бойынша қауіпті дертпен күрес жұмыстарының барысы мен алдағы міндеттер жөнінде ақпарат берді.
– Өздеріңізге белгілі, 2020-2021 оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталды. Бүгінгі таңда 4 мектепте дәстүрлі түрде сабақ жүргізілуде. Қалған 13 мектептің мектепалды даярлық, 1-5 сыныптары кезекші топтарда, 9, 11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқытылуда. Кезекші топтарға ата-ана өтінішіне сәйкес 15 баладан аспайтын оқушылар қамтылды. Сырдария ауданы бойынша 17 мектепте 8232 бала білім алса, олардың 815-і 4 мектепте дәстүрлі форматта, 4896-ы 13 мектепте кезекші сыныптарда оқытылады. Қалған 2521 оқушы сабақтарын қашықтан оқиды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына мектептерден 1231 дана, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 1214 дана техникалық құрылғылар таратылды. Аудан мектептерінің оқушылары оқулықтармен және электронды құрылғылармен толық қамтылған және білім беру ұйымдары интернет желісіне қосылған. Жалпы білім беретін орта мектептердің барлығына бейнебақылау камералары орнатылған. Қашықтықтан оқыту жұмыстарын ұйымдастыруда мәселе жоқ, бірақ оқушылардың ынтасының төмендегенін жасыра алмаймыз, – деген бөлім басшысы оқушылардың үлгерімі сабақтардың дәстүрлі түрде өткізілген кезеңмен салыстырғанда төмендегенін атап өтті.
Сала жұмысының жетістіктері тыңдалғаннан кейін депутаттар бірқатар мәселе бойынша сұрақ қойды. Депутат М.Бисенов шалғай ауылдардағы білім сапасын көтерудің жай-жапсарын сұраса, Д.Ералиев ҰБТ тапсырушыларға психологиялық көмек беру, оларды үрей мен стресстен арылту жұмыстарының ұйымдастырылу барысын көтерді. Аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов былтыр елімізде орын алған оқыс оқиғаға байланысты оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептерді ішкі әжетханамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманың орындалуын сұрады. Өз кезегінде Ғ.Жаңабаева қашықтан оқитын мектептердегі бейнесабақтардың сапасын депутаттық сауалына арқау етті.
Бөлім басшысы депутаттардың сауалына орай жан-жақты жауап берді. Аудандық білім бөлімі тарапынан арнайы мамандар шалғай ауылдардағы мектептердегі білім сапасын бақылап, талдау жұмыстарын жүргізетінін, кемшіліктер бойынша уақытылы шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Түлектердің тест алдындағы қобалжуына байланысты барлық мектепте арнайы психолог мамандар бар екенін және апта сайын іс-шаралар өткізіп жатқанын, әзірге түлектер арасында қандай да бір оқыс іс-әрекеттер байқалмағанын жеткізді. Мұнан бөлек барлық білім беру ұйымдарының ішкі әжетханамен қамтамасыз етілгенін, бейнесабақтар бойынша «Bilimland» платформасымен келісім-шарт жасалғанын, мұғалімдердің қазақ және орыс тілінде әзірленген сабақтар орналастырылған сайттарға тіркелгенін, «Кundelik» жобасын жетілдіру қолға алынғанын атап өтті.
Мұнан соң жарыссөзге жазылған депутат Б.Есназар карантиндік шектеулер ауданның білім саласына кері әсер еткенін, бірақ мұғалімдер сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін қажырлы еңбек етіп жатқанын жеткізді. Сала қызметкерлерінің жауапты да абыройлы жұмысына сәттілік тіледі.
Сессиядағы үшінші мәселе «Сырдария ауданының учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 10 қаңтардағы №273 шешіміне өзгерістер енгізуге арналып, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Өтегенова хабарлама жасады. Төртінші және бесінші мәселелер бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Е.Зұлхарнаев хабарлама жасады. Ол аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 17 наурыздағы №98, 2018 жылғы 15 маусымдағы №207 шешіміне өзгерістер енгізу туралы айтты. Соңғы мәселе бойынша депуттардың бірауыздан қолдауымен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып депутат А.Ибрагимұлы сайланды. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер тыңдалып, талқыланып болғаннан кейін тиісті шешім қабылданды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ