Тазалыққа кім жауапты?
Әр мезгілдің өзіндік ерекшелігі бар екенін ескерер болсақ, шуақты көктем айлары қоршаған ортаға ерекше қамқорлық танытатын кезең ретінде бағаланар еді. Яғни көктемде тал егу жұмыстары қолға алынып, көшелер мен арықтар күл-қоқыстан тазаланады. Осы ретте «Тазалыққа кім жауапты?» деген сұрақ туындайды.
Тазалық шартты ұғым болғанымен, оның қолданылу аясы мен мағынасы өте кең. Біреу тазалықты тек қоршаған ортаның, үйдің немесе бөлменің жинақы әрі әсем болуымен бағалауы мүмкін. Тағы біреу тазалық – ой тазалығы, жан тазалығы деп есептейді. Үшінші адам тазалықты әділдік, адалдық ұғымымен байланыстырады. Осылай көп мысал түрлі дәлелге арқау болып жалғасып кете береді. Жақында академик Ғарифолла Есіммен пікірлескенімде есімі елге белгілі өнегелі өмір иесі тазалық туралы әсерлі әңгіме өрбіткен еді. Дін мен тарихты терең білетін тұлға тазалықты қалыптастыратын да адам, күйрететін де адам екенін атап өткен болатын. Ойланып қарасақ, расында да солай емес пе...
Қарапайым өмірден мысал алайықшы. Мысалы, біз ортақ үйіміз деп есептеп, жалпыға жария етіп айтып жүрген Тереңөзек кентінде атау берілмеген көше жоқ. Бәріне белгілі бір тұлғаның немесе идеологиялық маңызы бар атау берілген. Атау беру жұмыстары осыдан төрт-бес жыл бұрын тіпті қарқын алды. «Жалын» тынығу лагері жанынан ашылған жаңа қоныстану аймағынан ашылған көшеге атасының, бабасының атын беру жөнінде ұсыныс арқалап, есік жағалап, «ата алдындағы міндетке адалдықпен қараймыз» деп ұрандатқандар қатары көп болды. Сол ұлағатты ұрпақтың көбісі басшылық қызметте отырған немесе жоғары білімді, үлгілі азаматтар екені анық. Есімін атасақ ұят әрі азаматтығымызға сын болар. Енді мынаған назар аударайықшы. Мүмкін біреуге ой салармыз, бәлкім осыдан кейін бір нәрсе түзеліп те қалатын шығар.
Жақында жоғарыда аталған жаңа қоныстану аймағын жаяу араладым. Көшелердің тазалығын көріп, көңілім түскенін жасырудың керегі жоқ шығар. Шашылған бөтелкелер, қираған тақтайшалар, ұшып-қонған қағаздар мен босаған қаптар, орынсыз төгілген құрылыс материалдары көшелердің кейіпін қашырып тұр. Бұған жалғыз кент әкімдігі жауапты ма? Мен жалғыз кент әкімдігі жауапты емес дер едім! Бұған сол кеше атауын иеленген тұлғаның көзі тірі ұрпақтары да жауапты. Бұл олардың әрине таным-түсінігіне, ой деңгейіне, көзқарасына байланысты.
Көшеге атасының, бабасының атын берерде есік жағалап, ұсыныс арқалап, тақтайшаға дейін істетіп әуреге түскен ұрпақ енді неге сол көшенің тазалығына зер салып қоймайды?! Жауап біреу-ақ. Жанашырлық пен құрмет жоқ. Атасы мен бабасының есімі берілген көшенің қоқысқа толғаны олар үшін маңызды емес шығар. Бірақ шартты ұғым ретінде аталған тазалықтың қолданылу аясы мен мағынасы осындайдан тарылады. Әйтпесе, сол әулеттің жанашыр үлкені ұлдары мен немерелерін жинап, ортаға ой тастап, «атамыздың есімі берілген көшеге отбасылық сенбілік ұйымдастырайық, тал егейік, көркейтіп, көгалдандырайық» деп неге айтпайды? Айтуға болар еді-ау...
Тағы да академиктің әсерлі әңгімесіне зер салайық. Негізі «Тазалықты қалыптастыратын да адам, күйрететін де адам» деген Ғарифолла Есімнің пайымды пікірінде жан бар. Расында да тазалықты қалыптастыру үшін көп нәрсе керек емес, тек жанашырлық пен ниет болса жеткілікті. Сондай-ақ күйрету үшін де көп нәрсе керек емес, тек бойкүйездік пен жалқаулыққа иек артылса жетіп жатыр.
Жалқы ұғымға жалпы көзқарас таныта салар болсақ және ол әдетке айналса, келешек ұрпақтан не күтеміз?! Сондықтан тазалық, оның ішінде қоршаған орта тазалығы мәселесінде жергілікті атқарушы органға иек артып, ысырып салып отыра бермей жеке жауапкершілік танытуымыз керек. Бүгін біз бір ғана мысалды айттық. Мүмкін біреуге ой салар, ауданымызда, ауылдарда отбасылық сенбіліктер ұйымдастырылар. Түптеп келгенде, ұжымдық сенбіліктер де бірден қалыптаспағаны белгілі. Отбасылық сенбіліктер ұйымдастыру мәселесін күн тәртібіне шығаратын уақыт келген секілді. Бұл орынды әрі құптарлық іс болар еді. Соның аясында атасының, бабасының аты берілген көшені тазалаған ұлағатты ұрпақтың жанашырлығы арқылы қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға жол ашылады. Жалпы, «Тазалыққа кім жауапты?» деген сұрақты билікке емес, әркім өзіне қоюы қажет. Сонда ғана жұмыс өз нәтижесін береді. Қалғаны уақыт пен ниеттің еншісіндегі іс.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ