Аудан әкімінің мерекелік құттықтауы
Сіздерді «1 наурыз – Алғыс айту» күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Татулық пен ынтымақ орнаған мемлекетімізде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 2016 жылдан бері 1 наурыз – Алғыс айту күні ретінде аталып өтілуде.
Алғыс айту күні – бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған күні. Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі қалыптасты. Ал оның арқауы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады.
Бұл – тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпұлтты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Мереке қазақ халқының кеңпейіл, жомарт, қонақжай, мейірімді және ынтымақшыл әдет-ғұрпынан бастау алатын тарихи дәстүрлеріне негізделген.
Сонымен бірге «Алғыс айту» күні – қиын кезеңді бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін уақыты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тәуелсіздік кезеңіндегі табыстарға береке-бірліктің арқасында ғана қол жеткізгендігімізді атап, бұл күнді өзара құрмет пен сенімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі деді. Қазақстан Президенті елдегі тұрақтылықты, ұлттар мен этностар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтауға бағытталған жұмыстарды үнемі назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан этнос өкілдерінің отандастарымызға және туған өлкеге деген кіршіксіз алғыс сезімі бұл мерекеге ерекше терең мағына береді.
Қадірлі жерлестер!
Татулығы тұрақты Сырдария ауданында ұлттар арасындағы бірлік бекем екені баршаңызға мәлім. Ауданда 452 этнос өкілі тату-тәтті өмір кешуде. Олар ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуда. Сол арқылы әркез өздерінің ризашылықтарын жеткізіп келеді.
Сіздерді көктемнің алғашқы күнімен келген айшықты мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақ-береке, бейбіт өмір және табыс тілеймін! Елдігіміз еңселі, бірлігіміз бекем болсын!
Құрметпен,
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ,
Сырдария ауданының әкімі