Алғыс алған арымас
Жұтап-жұтынаған халық у-шумен перронға келді. Арасындағы үлкендері «Тағы да не жиналыс», «Бұл не қылған жиылыс» деп шуылдасып жатты. Сол мезетте пойыз келіп тоқтап, бір топ корей ұлты өкілі түсті.
Оларды бастап келген орыс шендісі «Бұл халық бүгіннен бастап қазақ жерін паналайды. Сендермен бірге тұрады» деді. Қилы кезеңде қазақ халқы торыққан жоқ. Тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Бір шаңырақ астына топтасып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Бұл 1 наурыз – алғыс айту күніне орай Ақжарма ауылында өткізілген салтанатты шарада көрсетілген көрініс. Осы арқылы аудан өнерпаздары сол кезеңдегі қазақтың кең пейілділігін көрсетті. Тиісінше «Тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір» болған өзге ұлт өкілдері қонақжайлылық танытқан дархан халыққа зор ризашылықтарын білдірді. «Алғысым шексіз» тақырыбындағы салтанатты шарада жас бүлдіршіндер өзге этнос өкілдерінің ұлттық биін биледі. Өнер көрсетіп, би арқылы әр ұлттың өзіндік болмысын байқатты.
Орталық алаңда өткен мерекелік салтанатта аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– 1 наурыз – елімізде жалпыхалықтық алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылығын жеткізеді. Осы мерекеде тағдыр тауқыметімен елімізге келген әрбір ұлт өкілі қазақтың мейірбандығына зор ризашылықтарын білдіреді. Жетімін жылатпаған ел дархан көңілінің арқасында бәрін бауырына басты, қысылтаяң шақта көмек көрсетті. Осы үшін де олардың алғысы шексіз, – деген аудан әкімінің орынбасары бұл мерекеде Отанға, елге, ата-ана, туыс-бауыр, дос-жаранға алғыс айту керектігін атады. Құттықтаудан кейін Димаш Серікбайұлы көпбалалы ана Зарема Серитханованы «Күміс алқамен» марапаттады.
Салтанатты шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Машрапов атаулы күннің маңыздылығына тоқталып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Артынша аудан көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айтулы шарадан кейін аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ауылдағы №130 Абай Құнанбаев атындағы орта мектепке барып, 10 сынып оқушыларымен кездесті. Мұнда аудан әкімінің орынбасары атаулы күннің мән-маңызына тоқталып, алғыспен ел көңілі марқаятынын айтты. Ашық сабақта өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Гүлнәр Тұрғанбаева оқушыларға «Жерұйық» фильмі көрсетіліп жатқанын, мұнда қазақтың бауырмалдығы насихатталатынын жеткізді. Сондай-ақ оқушылар ата-бабаға, ата-анаға, ұстазға, достарына өздерінің алғыстарын айтты. Дана Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңінен үзінді оқыған аудан әкімінің орынбасары оқушыларға сапалы білім алуға тілектестік білдірді. Айта кету керек, осы күні қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамкүл Данышпанова, мектеп ұстазы Ақбота Жаханова да мектеп оқушыларымен ашық сабақ өткізді.
Тіректі елді мекендегі айтулы мереке аясында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев көпбалалы отбасыларға барып, мерекемен құттықтады, сый-құрмет көрсетті.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ