Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы «Қа­­йырымды істер марафоны» жал­пы­­ұлттық жобасына қатысты

Аймақ басшысы «Қа­­йырымды істер марафоны» жал­пы­­ұлттық жобасына қатысты

Кеше облыс әкімі Г.Әбді­қалықова­ның қатысуымен «Қа­­йырымды істер марафоны» жал­пы­­ұлттық жобасы­ның об­лыс­­тық дең­гейдегі ашылу салтанаты өтті. Оған өңірде қайырым­дылықпен айналысып жүр­ген жомарт жандар қа­тысты. Салтанатты іс-шараға аудандар бейнебайланыс арқылы қосылды.

Аймақ басшысы марафон барысында қайырым­дылық жасау адамзаттың бойындағы ізгі қасиет екенін, ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Қайырымды қала» еңбегімен сабақтасатынын атап өтіп, қиын кезеңде жанашырлықты ту етіп, көпке көмек беріп жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.

– Бүгінде әлем елдері терең әрі қарқынды өз­герістер кезеңіне қадам басты. Пандемия дүние­жүзілік экономиканың даму үдерісін тежеп, қа­лыпты тіршілігімізге кері әсерін тигізді. Бұл індет біздің аймағымыз үшін де үлкен сынақ болды. Осы тұста адамзат тағдыры кәсіби білікті мамандар мен іскер қоғам мүшелеріне, жомарт жүректі азаматтарға қарады. Эпидемиялық ахуалдың салдарымен күресте ел болашағына бей-жай қарамайтын сырбойылық азаматтар аталған сапта бой көрсетті. Осы сәтті пайдалана отырып, қиындыққа мойымай, күрделі кезеңді еңсеруге атсалысқан ақ халатты абзал жандарға, құқық қорғау органдары мен әскери сала қызметкерлеріне, журналистерге, кәсіпкер меценаттарға, қайырымды жандар мен волонтерлерге және барша Сыр жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Гүлшара Наушақызы.

Салтанатты жиынға қатысқан «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы төрағасының міндетін атқарушы Болат Көшербаев, «Orda school» жеке мектебінің директоры Рауаш Әлиева, «Ел-Арай» қоғамдық қорының директоры, облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері Асхат Байдәулетов, «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясының» төрағасы Анар Ізден, «Волонтерлар фронт-офи­сінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов ел игілігі жо­лын­дағы жұмыстарымен бөлісті.

Қайырымдылық марафонында бейнебайланыс ар­қылы ауданнан облыстық мәслихат депутаты, «Углесбыт» ЖШС директоры, меценат Расул Есенов сөз сөйлеп, игі іске сырдариялықтар үн қосатынын жеткізді.

– Қазақ халқы ежелден жомарттығымен таныл­ған. Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Осы ретте жыл сайын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар, қарттар мен мүм­кіндігі шектеулі жандар, жалғызбасты аналар, асыраушысынан айырылғандар сияқты халықтың осал топ өкілдерін барынша қолдау мақсатында қайырымдылық жасап келеміз. Өткен жылы пандемия кезінде меценаттар, кәсіпкерлер, депутаттар және жанашыр азаматтар 25 млн теңге көлемінде қайырымдылық көрсетті. Бұл игі шара биыл да жалғасын табады. 1000 отбасыны 10 млн теңге көлемінде азық-түлік, «Әлеуметтік дүкен» есебіндегі 125 отбасына 6 млн теңге көлемінде қаржылай және заттай көмек, «Мектепке жол» акциясы аясында 700-ге жуық оқушыны қажетті оқу құралдарымен қамту және аз қамтылған 30 отбасының тұрғын үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесіне орай барша жомарт жандарды қайырымдылық марафондарына үн қосып, қамқорлық жасауға шақырамын. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастап, ізгіліктің нұрын себеді. Сондықтан бүгінгі шараны қолдай отырып, алдағы уақытта да қайырымды істерімізді жалғастыратын боламыз, – деді Расул Әбутәліпұлы.

Жиында туған жерге қызмет етіп, игі істердің жанынан табылып, ортақ іске жұмылған белсенді жанашыр азаматтардың атынан «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев Үндеу жолдады.

Жалпы, өткен жылы облыста бюджеттен тыс қаражат көздерінен халықтың әлжуаз топтарына 1 млрд. 634 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген. Ал карантиндік шектеулер кезеңінде аймақтық «Birgemiz Qyzylorda» қоры арқылы жекелеген санаттағы 30 мыңға жуық адамға 50,0 мың теңгеден жалпы көлемі 1 млрд 478 млн. теңге болатын бір реттік көмек берілген.

«Біз Біргеміз» қайырымдылық акциясы шең­берінде 12 мыңнан астам отбасыға 134 млн теңгеге азық-түліктей және тұрмысқа қажетті заттар жиынтығы түрінде көмек көрсетілсе, желтоқсан айында аз қамтылған, көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «Шын ниетпен» қайырымдылық акциясы аясында 2430 адамға 27 млн теңгеге жуық қайырымдылық көмектер жа­салған.

Мұнан бөлек, бастамашыл топ «Syr Volonterlary» орталығы азаматтық қоғам институттары, жастар ұйымдары және меценаттармен бірлесіп өңірімізде 521 қайырымдылық шара өткізіп, 19669 адамға көмек көрсеткен.

«ТТ» ақпарат

02 наурыз 2021 ж. 440 0