Аймақ басшысы Алғыс айту күнімен құттықтады
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
Сіздерді Алғыс айту күнімен құттықтаймын!
Ел Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен
1 наурыз – Алғыс айту күні болып жарияланғанына биыл 5 жыл болды.
Елбасы 2015 жылы сәуір айында өткен ҚХА-ның XXII сессиясында: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деген еді.
Расында, халқымыздың мейірім, шапағатына, даладай дархан пейіліне бөленбеген этнос аз емес. Алты алашқа ана болған Сыр елі де тағдыр тәлкегіне түскен талай ұлттың баласына пана бола білді. Қайырымдылық қазақтың қанына біткен қасиет секілді көрінеді.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алғыс айту күнінде «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының облыстық деңгейі басталады. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл мерейлі белес жылында той тойлап, жетістіктерімізге тоқмейілсіп отыруға болмайды, сондықтан, халықтың әл-ауқатын нығайтатын келелі істерді жүзеге асырамыз.
Былтыр әлемді жайлаған коронавирус індеті өмірімізге айтарлықтай өзгерістер енгізгені белгілі. Адамзат тағдыры кәсіби білікті мамандар мен іскер қоғам мүшелеріне, жомарт жүрек азаматтарға қарады. Мемлекеттік органдармен бірге, қайырымды жандар, волонтерлар жұмылдырылды. Ел болашағына бей-жай қарамайтын сырбойылық көптеген азамат аталған осы саптан табылды.
Халқымыздың «Алтын алма, алғыс ал», «Алғыспен ер көгерер» деген тәрбиелік мәні бар мәтелдері осындай азаматтарға арналса керек.
Бүгінгі мереке күні қиындыққа мойымай, күрделі кезеңді еңсеруге атсалысқан ақ халатты абзал жандарға, құқық қорғау органдары мен әскери сала қызметкерлеріне, журналистерге, меценат кәсіпкерлерге, қайырымды жандар мен волонтерлерге және барша Сыр жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін!
Баршаңызды жалпыұлттық жобаның Сыр елінде жүзеге асуына қолдау білдіріп, ел игілігін бірге арттыруға шақырамын!
Халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің болашағы баянды болсын!