Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Даму бағдарламасы сараланды

Даму бағдарламасы сараланды

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс ІІ сессия­­сы өтті. Сессия жұмысына депутаттардан бөлек аудан әкімі Т.Дүйсебаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округі әкімдері, мәслихат аппаратының жауапты қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кезектен тыс сессия басталмас бұрын тұрақты комиссия отырысы өтті. Депутат Д.Ералиев төрағалық еткен комиссия отырысында атқарылған және атқарылуы тиіс жұмыстар кеңінен талқыланды. Ал кезектен тыс 2-сессияны аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов ашып, сессияның күн тәртібімен таныстырды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «2021-2025 жылдарға арналған Сырдария ауданының даму бағдарламасын бекіту» жөнінде өрбіп, бұл туралы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғалымжан Акбаров баян­дама жасады.

Бөлім басшысы «Даму» бағдарламасының негізгі сипаттамасы, бағыттары мен мақсаттары, нысаналы индикаторлары, қажетті ресурс­тар мен қаржыландыру көздері жөнінде кеңінен айтты. Атап айтқанда, бағдарлама ауданның экономикалық өсуі мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру, инвестиция көлемін ұлғайту, салалар жұмысын жақсарту және тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныс-пікірлерді шешу үшін әзірленген. Оның ішінде бәсекеге қабілетті өнім өндіруді қамтамасыз ете отырып, ауданның өнеркәсіп саласын дамытуға ерекше басымдық беріледі. Бұл негізгі мақсат VII шақырылған Сырдария аудандық мәслихаты депутаттарының халыққа таныстырған сайлауалды бағдарламасымен толықтай үндеседі. Ал қаржыландыру көздері сәйкесінше республикалық және жергілікті бюджеттер арқылы жүргізіледі. Оның көлемі алдын ала есептеулер бойынша 8017,4 млн теңге болып нақтыланған. Бұл шығыстар сомасы заңға сәйкес мәслихат сессиялары арқылы жыл көлемінде өзгеруі немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін.

– Бұған дейін қабылданған «Даму» бағдарламасы өз тиімділігін көрсетті және ауданымыз үшін маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Енді алдағы бес жылға нақты жоспар құрып отырмыз. Бағдарламада барлық саланың өзекті мәселелері қамтылған және тұрғындардың ұсыныстары ескерілген. Бұл бағдарламаны орындауға аудандағы барлық атқарушы орган жауапты болады. Әр бөлімге, әр ауылға жоспар жасалған. Ашықтық пен қолжетімділік қағидаты бойынша халықтың және депутаттардың алдында есеп беріп, атқарған жұмыстарымызды түсіндіріп отырамыз, – деді бөлім басшысы Ғалымжан Нәуретұлы.

«2021-2025 жылдарға арналған Сырдария ауданының даму бағдарламасы» жөнінде депутаттар өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін ортаға салды. Мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов кентке жақын орналасқан ауылдық округтерді көгілдір отынмен қамтамасыз етудің уақытылы әрі сапалы жүргізілуіне назар аударса, депутат Бағдат Есназар көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу жұмыстары жөнінде пікір білдірді. Мұнан бөлек депутат, аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Еркебұлан Жақып бағдарламадағы кейбір көрсеткіштер орындалмай қалса, сын жергілікті атқарушы орган мен жауапты органға қатар айтылатынын, сондықтан бағдарламадағы әр жоспарды жіті назарда ұстау қажеттігін атап өтті. «Даму» бағдарламасы талқыланып, депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріліп, бірінші мәселе бо­йынша шешім қабылданды. Депутат Жұмабек Ембергенов Қоғалыкөл ауы­лы­на қатысты сметасы дайын жобалардың қаржыландырылу барысы жөнінде сұрап, бөлім басшысы елді мекендегі Тілеу ұста және Қ.Сәтбаев көшелерін орташа жөндеуге облыстық бюджетке өтінім берілгенін атап өтті. Ал депутат Роза Урынбаева Бесарықтағы спорт кешенінің қашан салынатынын, бұл ауыл халқы күтіп отырған жоба екенін көтерді. Бұл туралы бөлім басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылғанын, биыл қаржы бөлінсе, жыл аяғына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді.

Екінші мәселе «2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Сырдария аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №468 шешіміне өзгерістер енгізуге арналды. Бұл туралы аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы түсіндірме беріп, 2021 жылға арналған аудандық бюджет шығыны 10 827 469,1 мың теңге көлемінде жоспарланғанын атап өтті. Бұл шығындар 2020 жылдың соңына қалыптасқан бюджет қаражатының бос қалдығы есебінен 282 304,1 мың теңгеге ұлғайтылады дегенді білдіреді.

Өзгерістер бойынша депутаттар бірқатар ұсыныс айтты. Мәселен, Іңкәрдария ауылындағы Абай Құнан­байұлының есімі берілген көшені жөндеу қажеттілігі көтерілді.

«Абай Құнанбайұлы – ұлтымыздың мақтанышы. Ұлы ақынның есімі берілген Іңкәрдариядағы көшенің жөндеуді талап ететіні және оның әлі күнге дейін орындалмағаны бәрімізге сын. Сондықтан бұл істі қолға алуымыз қажет» деді Ержан Әжікенов. Бұл бо­йынша бөлім басшысы көшені жөндеу облыстық бюджетке ұсынылғанын атап өтті. Депутаттар облыстық бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаса, аудандық бюджеттен қаржы бөліп, ақын есімі берілген көшені жөндеу жөнінде көтерілген мәселенің орынды екенін айтты. Мұнан бөлек депутат А.Қалдыбаева Айдарлыдағы ескі емхананың ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, балабақша ретінде жаңартылғанын алға тартып, бірақ балаларға қажетті құрал-жабдықтардың әлі күнге дейін берілмегенін айтты. Осы мәселені шешуді назарға алу керектігін, бұл елді мекен тұрғындарының өтініші екенін жеткізді. Өз кезегінде депутат А.Ибрагимұлы былтыр А.Тоқмағамбетов ауы­лына кіреберіс жолдың жөнделгенін айтып, енді аудандық маңызы бар жолдың қалған 5 шақырымын орташа жөндеуден өткізуді назарға алу керектігін ұсынды. Халық қалаулылары көтерген мәселелер назарға алына отырып, екінші мәселе бойынша шешім қабылданды.

Сессияның күн тәртібіндегі үшінші мәселе аудандық мәслихаттың 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары жөнінде аудандық мәслихат аппаратының басшысы Гүлназ Божан хабарлама жасады.

– Жұмыс жоспары екі тоқсанға бөлінеді. Алғашқы тоқсанда депутаттар аудандық санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау басқармасының карантин талаптарын күшейту үшін атқарған жұмыстарын тыңдайды. Мұнан бөлек аудандық білім бөлімінің қашықтан оқытуды ұйымдастыру технологияларын іске асыру мәселесі қаралады. Ал екінші тоқсанда ауыл шаруашылығы жануарлары арасында жұқпалы аурулардың белең алуына жол бермеу мақсатында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік жұмыстары назарға алынбақ. Сондай-ақ 2020 жылға арналған аудандық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебі бекітілмек, – деді Гүлназ Әбдісадыққызы.

Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыла­нып, шешім қабылданғаннан кейін аудан әкімі Т.Дүйсеба­ев сөз сөйледі. Аудан басшысы «2021-2025 жылдарға арналған Сырдария ауданының даму бағдарламасының» маңыздылығын айтты. Сондай-ақ карантин талаптарын сақтау жөнінде халық арасында түсіндірме жұмыстарын бірлесе жүргізу керектігін жеткізді. Осылайша, депутаттар кезектен тыс ІІ сессия­ны қорытындылады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 






13 ақпан 2021 ж. 684 0