Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Газ құрдырту үшін құжаттар қалай дайындалады?

Газ құрдырту үшін құжаттар қалай дайындалады?

Сырдария ауданына газдың берілуі – Тәуелсіздіктің тартуы ғана емес, бұл тарихи жаңалық. Көгілдір отынның келуін Тереңөзек кенті тұрғындары көп күткені де анық. Ақпан айының басында аймақ басшысының қатысуымен аудан орталығына газдың берілу рәсімін ақпараттандырған да болатынбыз. Содан бері аңғарғанымыз, тұрғындар арасында күмәнді ойлар мен жауапсыз сұрақтар көп. Бүгін сол сұрақтарға жауап іздемек ниетте «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті бойынша учаске басшысы Бекнұр Ысқақовпен пікірлескен едік.

Учаске басшысының айтуынша, аудан орталығындағы барлық көшелерге газ желілері жүргізілген және желілердегі газ қысымы қалыпты. Бүгінде кенттегі әлеуметтік нысандардың ішінде «Қызғалдақ», «Нұрбөбек» балабақшалары көгілдір отынды пайдаланып отыр. Мұнан бөлек, А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу қазандығы орналасқан ғимарат газбен жылытылуда. Бүгінде сала мамандары аталған көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлерге газ беру жұмыстарын жоспарлап, тиісті жұмыстарды бастаған.

– Газдың келуі сырдариялықтар үшін ерекше жаңалық болғаннан кейін, тұрғындар арасында түрлі сұрақтардың туындауы заңдылық. Біз бұған дейін де бірнеше рет аудандық "Тіршілік тынысы" газеті арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде де хабарландырулар мен газды пайдалану ережелері жөнінде ақпараттандырдық, сұхбат ұйымдастырдық. Бірден айтайын, кент көшелеріндегі газ желілерінде көгілдір отын бар. Тұрғындардың «желіде газ жоқ» деп айтып жүргені жалған ақпарат. Қазіргі таңда кім үйіне газ орнатқысы келсе, біздің мекеменің аудандағы филиалына хабарласып, кеңес ала алады. 8 ақпандағы мәлімет бойынша аудан орталығындағы 20-дан астам жеке тұрғын үйге газ берілді. Әлеуметтік нысандар да ретімен көгілдір отын игілігін көруде. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес қалыпты жүргізілуде. Атқарып жатқан жұмысымыз аудан әкімінің тікелей назарында, – дейді Бекнұр Ақылбекұлы.

Осы ретте, «Үйіне газ орнатқысы келетін азаматтар ең алдымен жұмысты неден бастауы қажет?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұрағымызға учаске басшысы жан-жақты жауап берді.

Ең алдымен жеке тұрғын үй иесі «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті бойынша учаскесіне екі түрлі өтініш жазады. Мекеме кенттің А.Әлиакбаров көшесі №68 мекен жайдағы «Сырдариясушар» мекемесінің ғимаратының бірінші қабатында орналасқан. Өтініш үлгісі мекеме тарапынан беріледі. Бірінші өтініш техникалық шарт алу үшін жазылса, екінші өтініш жүргізілген газ желісінен газ реттегіш пунктіне көгілдір отынның берілуі жөнінде болады. Өтінішке үйдің құжаттары, яғни мемлекеттің орган шешімі, меншік иесі екенін растайтын анықтама, мемлекеттік актісі, техникалық куәлігі, тұрғын үй иесінің жеке куәлігі, жер учаскесінде орналасқан тұрғын үйдің сызбасы қоса тігіледі. Өтініш қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі тарапынан техникалық шарт беріледі. Атап өту керек, техникалық шарт тегін беріледі.

Келесі кезекте техникалық шарты бар тұрғын монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемелердің көмегіне жүгінеді. Бүгінде Тереңөзек кентінде 6 мердігер мекеме өз қызметін халыққа ұсынуда. Олар монтаждау жұмыстарын шамамен үш жұмыс күні ішінде әзірлейді. Монтаждау жұмыстары барысында тапсырыс беруші тұрғын дәнекерлеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін, трубалардың түзу жалғануын ескеріп, кейін қосымша сұрақтар туындамайтындай жағдайда қабылдауы керек. Бұл кезеңдегі жұмыстардың құжаттарын мердігер мекеме дайындайды. Оның ақысы мекеме мен тапсырыс беруші арасында келісіледі. Өйткені, әр мекеменің ұсынатын қызметінің бағасы әртүрлі. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін мердігер мекеме құжаттар топтамасын «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесінің Тереңөзек кенті бойынша учаскесіне өткізеді. Құжаттардың талапқа сай екенін тексеруге шамамен екі жұмыс күні кетеді. Міне, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрғын үй көгілдір отынға қосылады.

Осы орайда үйіне газ орнатып, көгілдір отын игілігін көріп отырған тұрғынның пікірін білуді жөн көрдік.
– Газ келеді деген жақсы хабарды күткенімізге көп уақыт болды. Қыркүйек айынан бастап қажетті шығындарды есептеттік. Мердігер мекеме «Жүніс и К» ЖШС монтаждау жұмыстарын жүргізді. Енді көмір жағып, күл шығармайтын болдық. Жұмысымыз жеңілдеді, шығынымыз азаяды деп үміттенеміз. Газдандыру жұмыстарын жүргізген азаматтарға алғысым шексіз, – дейді С.Усабаев көшесі №12 үй тұрғыны Әбілқасым Сүлейменов.

Бұл пікірді Ағайынды Бозжановтар көшесі №20 үйдің тұрғыны Асхат Жантемірұлы да қуаттады. Ол жаңадан салынған үйінің құрылысы көгілдір отын келгенде аяқталғанына қуанышты. Енді қыста отын жарып, көмір тасу секілді жұмыстарды істемейді. Газдың игілігін алғашқылардың бірі болып көргеніне қуанышты.

Бүгін тұрғындар арасындағы сұрақтарға жауап іздеуге және жұмыстардың ретін түсіндіруге тырыстық. Алдағы уақытта да көгілдір отынның игілігі мен пайдалану ережелері жөнінде мақалалар ұсынатын боламыз.


Ақтөре Ибрагимұлы,
Сырдария аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің бас редакторы
08 ақпан 2021 ж. 1 389 0