Газ алғаш қай көшеге барады?
«Газ ауданға биыл келеді ме?», «Ең бірінші қай көшенің тұрғындары көгілдір отынның игілігін көреді?», «Газдың бағасы қанша теңге болады екен? Ол көмірден арзан ба?». Бұл аудан тұрғындары арасында жиі көтеріліп жүрген сұрақтар. Тұрғындар арасында талқыланып жүрген сауалдарға жауап іздемек мақсатта аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бахтияровпен сұхбаттасқан едік.
– Ержан Бахтиярұлы, газдандыру мәселесінің маңызды екенін жақсы білесіз. Бұл тұрғындардың да көптен күткен жаңалығы. Жалпы, аудан аумағына көгілдір отын нақты қашан жеткізіледі?
– Дұрыс айтасыз, ауданды табиғи газбен қамту жұмыстары – тарихи жаңалық. Тұрғындар көгілдір отынның игілігін көретін күнді асыға күтті. Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімдігінің қолдауымен газдандыру жұмыстары қарқын алып, алғашқы жоспарлар құрылды. Жоспарлы жұмыстар негізінде Тереңөзек кентіне газ құбырларын тарту мен кварталішілік газ құбырлары құрылысын жүргізу 2019-2020 жылдарға жоспарланды. Жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын жобаны бастауға биыл республикалық бюджеттен 525 млн теңге бөлінді. Қалған бөлігі келесі жылға жоспарланған. Жоба бойынша тапсырыс беруші Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Ал мердігер мекеме – «Алия Сервис» ЖШС болып танылған. Ағымдағы жылы 11,5 шақырымды құрайтын жоғарғы қысымдағы газ құбырларын жүргізу мен №2 және №3 газды басқару пункттерінен шығатын 24,1 шақырымды құрайтын орта қысымдағы газ құбырларын орнату жоспарланған. Аталған учаскелерде орналасқан 617 тұрғын жайға газды басқару пункттерін орнату жүргізілетін болады. Алдағы 2020 жылы қалған №1, №4, №5 және №6 газды басқару пункттерінен шығатын 61 шақырымды құрайтын орта қысымдағы газ құбырлары орнатылып, сол аумақтағы жеке секторларға табиғи газ беріледі деп жоспарланған.
– Жылдың аяқталуына аз уақыт қалды. Жоспарлы жұмыстар уақытылы орындалады ма?
– Бүгінгі күнге биылғы жылға межеленген жұмыстардың газ құбырларын орнату жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда көлденең бағытта бұрғылау (ГНБ) техникасымен темір жол өткелінің, каналдардың және автомобиль жолдарының астынан жерді тесу арқылы газ өткізу жұмыстары атқарылуда. №2 газды басқару пункті орналасқан аумақты желтоқсан айында газға қосу жөніндегі облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен аудан әкімдігі тарапынан барлық тиісті шаралар атқарылуда.
– Ең бірінші көгілдір отынға әлеуметтік нысандар қосылады ма?
– Облыс әкімінің төрағалығымен 2019 жылы 22 шілдеде өткен аппараттық мәжілісте ағымдағы жылдың желтоқсан айында Тереңөзек кентіндегі әлеуметтік нысандардың қазандықтарын табиғи газ отынына кезең-кезеңімен ауыстыруды бастау тапсырылды. Осыған сәйкес аудандық бюджет есебінен бөлінген 26,4 млн теңгеге кенттегі 9 нысанның қазандықтарын табиғи газға лайықтандыру жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде 1200 орынға арналған №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей, «Нұрбөбек-Тереңөзек», «Қызғалдақ» балабақшасы, аудандық және кент мәдениет үйі, «Неке сарайы» нысандары қамтылған. Осы жұмыстар ағымдағы жылдың 1 желтоқсанында толық аяқталатын болады.
– Әуелі кенттің қай көшесінің тұрғындары газдың игілігін көреді?
– 2019 жылы №2 газды басқару пункті аумағындағы «Айтек» каналының оңтүстігінде орналасқан Желтоқсан, Бұқарбай батыр, Достық, Н.Ергешбаев, Т.Жәрекеев, Бозжановтар, З.Лекеров, Б.Жақыпов көшесі, №3 газды басқару пункті аумағындағы Д.Қонаев, Ә.Тәжібаев, Жеңістің 50 жылдығы, Р.Алшынбаев, Ж.Құттыбаев, С.Жәкеев, Н.Ілиясов, 1 мамыр, Н.Сыздықов көшесі мен А.Иманов, А.Құнанбаев, А.Әлиакбаров көшесінің бір бөліктері газға қосылатын болады.
– Неге көшелердің бір бөлігіне ғана газ құбыры жүргізілген?
– Кентті газдандыру жобасы 2015 жылы әзірленген. Осы мерзімнен кейінгі салынған тұрғын үйлер жоспарға енгізілмеген. Осыған байланысты арнайы құрылған жұмысшы тобымен тексеру жұмыстары жүргізіліп, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жобаға енгізу үшін ұсынылды. Тексеру барысында кейбір учаскелерде бұрыннан болған үйлердің де жобаға енгізілмей кеткені анықталуда. Сондай-ақ А.Иманов, А.Құнанбаев көшесінің оң жақ қапталы №1 газды басқару пункті аумағында жататындықтан газдандыру жұмысы 2020 жылы жүргізілетін болады. Осы орайда, газ құбыры желісін жеке секторларға немесе тұрғын үйлерге кіргізу бойынша «ҚызылордаГазМонтаж» және «ҚазЭнергоПроэктСтрой» серіктестіктері өз қызметтерін көрсетуде. Аталған мекемелер газ құбырларын тұрғын үйге кіргізу құнының 25 метрге дейінгі бағасын 115,0 мың теңге деп белгілеген. Ал одан қашық болса, әр метріне 2,5 мың теңгеден төленеді. Бұл баға өзге өңірлермен салыстырғанда арзан және тұрғындар үшін тиімді болып отыр. Сондай-ақ тұрғындарға қаражатты бөліп төлеу мүмкіндіктері қарастырылған. Қазіргі таңда тұрғындардан газ құбырларын үйге кіргізу өтініштері қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
– Көпқабатты тұрғын үйлердің газа қосылу жөнінде де ақпарат берсеңіз.
– Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлерге, үйлердің өжірелеріне немесе жапсарлас ғимаратқа газға арналған қазандық орнатуға тыйым салынған. Қазандық тұрғын үй ғимаратынан дербес ғимаратта орналасуы қажет. Оны пәтерлердің меншік иелері бірігіп орнатуына немесе «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында меншік иелерінің келісімімен бюджет қаржысы есебінен кейін бөліп қайтару шартымен орнату мүмкіндіктері бар. Толығырақ ақпарат алу үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласуға болады.
– Газ бағасы жөнінде айтсаңыз.
Бүгінгі күнге «ҚазТрансГаз Аймақ» Қызылорда өндірістік филиалымен Қызылорда облысы бойынша табиғи газдың 1 м3 бағасы 21 теңге болып белгіленген.
Сұхбаттасқан Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ