Бекнұр ЫСҚАҚОВ: Газды халыққа жеткізу – негізгі міндетіміз
Тереңөзек кентіне газдандыру жұмыстары жүргізіліп, оның игілігін көретін күн алыс емес. Бүгінгі күнге дейін мердігер мекеме аудан орталығындағы көшелер бойына газ құбырларын жүргізіп, тұрғын үйлерге дейін жеткізіп қойды. Енді әрі қарай тұрғын үйлерге монтаждау жұмыстарын газдандырумен айналысатын мекемелер үйлестіреді. Осы тұста, көгілдір отын берілгенде оның құжаттарын рәсімдеу жұмыстары әркімнің алдынан шығады. Осыған байланысты біз «Қызылорда газдандыру жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тереңөзек кенті учаскесінің бастығы Б.Ысқақовпен сұхбаттасқан едік.
– Бекнұр Ақылбекұлы, ең алдымен, газдандыру мекемесі жұмысының мақсатына тоқталып өтсеңіз?
– «Қызылорда газдандыру жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облысты көгілдір отынмен қамту жұмыстарымен айналысады. Біздің негізгі мақсатымыз – халыққа сапалы және қауіпсіз газды жеткізуді ұйымдастырып, ақау болған жерлерді жөндеу болып табылады. Мысалы, бір көше бойында су құбырлары ауыстырылып жатқанда газ құбырларына зақым келуі мүмкін. Сол кезде біздің мамандар оны қалпына келтіріп, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, үйге газ кіргізілгенде оның құжаттарын рәсімдеу мекеме арқылы іске асырылады. Осы ретте, мекеменің Тереңөзек кенті учаскесі 1 қарашадан жұмысын бастады. Бұл жерде 5 маман жұмыс істейді. Учаске бастығы, дәнеркерлеуші және 3 ұста халыққа қызмет көрсетуде. Көгілдір отын берілгенде тағы да адамдар жұмысқа тартылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылмақ.
– Көгілдір отын берілгенде заңдылыққа сәйкес тиісті құжаттар рәсімделеді. Ең бастысы техникалық шарт алуы міндетті. Осы орайда, тұрғындар қандай құжаттар әзірлеуі керек?
– Әрине, газ берілгенде ең бастысы – қауіпсіздік. Сондықтан монтаждау жұмыстарының талаптарға сай болғандығы тексеріліп, техникалық шарт беріледі. Оны біз жүзеге асырамыз. Ол үшін кент тұрғыны жеке куәлік, тұрғын үйдің мемлекеттік актісі, тұрғын үйдің техникалық паспорты, топосъемка, орнатылған пештің паспорты, меншік иесінің анықтамасы құжатын әкеліп, өтініш жазады. Сол арқылы біз техникалық шарт беріп, тұрғын үйді орталықтандырылған газ жүйесіне қосамыз. Ол үшін мамандарымыз арнайы барып, тұрғын үйдің газдандыру жүйесін тексереді. Барлығы талапқа сай болғанда ғана көгілдір отынға қосады. Сонымен қатар, мамандар есептегіш құралдарды орнатады. Оған мекемеде «G4» маркалы 2062, «G6» маркалы 54, барлығы 2116 дана есептегіш құрал бар. Оларды біз тегін орнатып береміз. Осы тұста, кент тұрғындарына мекеменің Тереңөзек учаскесі А.Әлиакбаров көшесі №65, «Сырдариясушар» мекемесінің бірінші қабатында екенін хабарлай кеткен жөн.
– Қазіргі таңда «Көгілдір отын беріледі» деген соң тереңөзектіктер монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағытта мердігер мекемелер жұмыс жасауда. Оларға қандай талаптар қойылады?
– Жалпы, бүгінде аудан орталығында газ монтаждау жұмыстарымен 6 мекеме айналысуда. Атап айтқанда, «Жәрдем» ЖШС, «КазЭнергоПроектСтрой» ЖШС, «ҚызылордаГазМонтаж ЛТД» ЖШС, «Шыңғысхан және К» ЖШС, «КапСтройИнжиниринг» ЖШС және «Жүніс және К» ЖШС тұрғын үйлерге газ орнатуда. Негізі, газ орнататын кезде мердігер мекеменің лицензиясы және сол мекеме дәнекерлеушісінің рұқсат қағазы болуы қажет. Содан кейін барып оларға монтаждау жұмыстарына рұқсат етіледі. Бүгінде кейбір мердігер мекемелер құжаттарды өздері рәсімдейтін жеңілдіктерді ұсынуда. Бұл ретте, мекеме мен тұрғын үй иесінің арасында келісімшарт болуы тиіс. Үй иесі мердігер мекеме өкіліне нотариус арқылы сенімхат беріп, сол арқылы құжаттар жинақталады. Дегенмен, ол құжаттарды бізге әкеліп өткізеді. Тағы бір айта кететіні, тұрғындар газ пешін алған кезде оны сатушы мекемеге орнатып, ақаулығын тексертіп алғаны дұрыс. Бұл көгілдір отынға қосылар кезде мәселе туындамас үшін қажет. Ал ескертетін жағдай, тұрғындар өздігінен газ монтаждау жұмыстарын жүргізе алмайды. Мұндай жауапкершілігі мол жұмыс тек арнайы мамандандырылған мекеме қызметкерлеріне ғана рұқсат етілген.
Сұхбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ