Төтенше жағдайға дайындық пысықталды
21 ақпан күні аудан орталығында "Қыс және көктем кезеңінде су тасуының қолайсыз дамуы жағдайындағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою үшін жүргізілетін авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу" тақырыбында оқу-жаттығу өтті. Оқу-жаттығу кезінде аудан әкімдігінің, азаматтық қорғау қызметтерінің қажетті арнайы техникаларының дайындығы мен инертті материалдарының нақты көлемі түгенделіп, олардың қауіпті учаскелерге шоғырлануы тексерілді.
Іс-шараға аудан әкімдігінің аппараты, кент және ауылдық округі әкімдері, төтенше жадайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиялар, азаматтық қорғау қызметтерінің күш пен құралдары, мекеме, кәсіпорындар жұмылдырылды.
Ауданда су тасқынының алдын алу және жою бағытында арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Жасақталған қорда 4 тонна АИ-92 жанар-жағар май, 6 тонна дизель отыны, 500 дана бау қамыс, 700 дана пашин, 10000 дана қап, 30 дана күрек бар. Қосымша қажетті жанар-жағармай қорын алуға жеке кәсіпкер «Углесбыт» ЖШС және азық-түлік қорын алуға жеке кәсіпкерлер «Мерей және К», «Абишева Ултуган», «Абдуомар», «Жанна» және дәрі-дәрмекпен «Жанар және К» толық серіктестігімен келісім-шарт жасалған. Аудан бюджетінің шұғыл шығындар резервіне 2021 жылға 88 млн 023 мың теңге қаржы көздері жоспарланған. Сонымен қатар, су басу қауіпі бар елді-мекендерден – Тереңөзек кенті, Н.Ілиясов және Қалжан ахун ауылдарының тұрғындарын, жануарларды көшіру мақсатында 8 эвакуациялық жинақтау, 10 эвакуациялық қабылдау бекеттерінің орындары нақтыланған.
Аудан бойынша Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттеріндегі учаскелерге бекітілген жауапты тұлғалар мен мекемелерден тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда тұрғындарды құлақтандыру үшін Тереңөзек кентінде 3 дыбыс белгісі бар. Олар кенттегі құрылыс бөлімі, агроколледж ғимараты, «КРЭК» мекемесінің ғимараты және Қалжан ахун ауылындағы мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан.
Оқу-жаттығу кезінде алдымен төтенше жағдайларды жоюға жұмылдырылатын 89 адам мен 30 бірлік техникасы бар азаматтық қорғау қызметтері, ұйымдар, мекемелер, кәсiпорындар және авариялық-құтқару қызметтерінің күш-құралдарының дайындығы пысықталып, саптық қарау өткізілді. Сонан соң Қалжан ахун ауылына қарасты «Сайкөл» учаскесі тұсында мұз кептелісі болуына байланысты Сырдария өзенінің су денгейі көтеріліп, қорғаныс бөгетіне зақым келгендігі жөнінде шартты белгі түсті. Осыған орай азаматтық қорғау қызметтері жұмылдырылып, іс жүзінде оқу-жаттығу өткізілді.
Сонымен қатар Шаған ауылындағы №37 мектеп лицейіндегі №9 эвакуациялық қабылдау пункті (ЭҚП) және Тереңөзек кентіндегі аудандық мәдениет үйіндегі №1 ЭЖП жағдайлары тексерілді.
Оқу-жаттығу соңында аудан төтенше жағдайдың алдын алуға және жоюға "дайын" деген қорытынды алды.
Бибісара ЖАНӘЛІ