Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағандық қос тұрғын қоныс тойын тойлады

Шағандық қос тұрғын қоныс тойын тойлады

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауданға қарасты Шаған ауылының қос тұрғыны қоныс тойын тойлады. Жанашыр азаматтар екі тұрғынға көмек қолын созып, пәтер кілтін табыс етті.

Игі шараға ауыл әкімі Ұлбала Абдраманова, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұлқарнай Тасбергенов, «Абай-Дәулет» ЖШС-нің директоры Мұрат Сәрсенбаев және ауыл кәсіпкерлері қатысты.

Ауыл тұрғындары, көпбалалы ана Ақтолыс Әнуарова мен ІІ топ мүгедегі Мұратбек Тәуекеловке үй алып беру туралы ауыл әкімдігі кәсіпкерлерге ұсыныс білдірген. Осы ұсынысты қабыл алған «Абай-Дәулет» ЖШС-нің директоры, меценат Мұрат Сәрсенбаев үйі апаттық жағдайда деп танылған көпбалалы ана А.Әнуароваға Шаған ауылындағы Есет би көшесіндегі тұрғын үйді сатып алып беріп, жаңа жылда отбасыға үлкен қуаныш сыйлады.


– Біз әркез игілікті іске қолдау білдіреміз. Осы орайда, Шаған ауылы әкімінің ұсынысын қабыл алып, көпбалалы ананы Жаңа жылды жаңа баспанада қарсы алсын деген ниетпен үй алып бердік. Жаңа қоныс құтты болсын, – деді кәсіпкер М.Сәрсенбаев.

Ал баспанаға мұқтаж М.Тәуекеловке Бердібек Қадыров бастаған ауыл кәсіпкерлері Ербол Иса, Әділбек Пірәлиев, Ербол Бисенов, Гүлнар Жүніс, Бақытбек Жаңабергеновтер бірігіп, Бейбітшілік көшесі бойынан тұрғын үй алып берді.

– Ауылымыз көркейіп, дамып келеді. Жыл бойына ауқымды жұмыстар атқарылуда. Міне, осындай елде тұрып біз тұрғындарға әркез қолдау білдіруіміз керек. Осы мақсатта ауыл тұрғынын баспанамен қамтамасыз етуге жұмылдық. Бұл Жаңа жылдағы ерекше қуаныш, – деді кәсіпкер Б.Қадыров.

Жаңа жыл қарсаңында тұрғын үй кілтін арнайы барып тапсырған кәсіпкерлерге және ауыл әкімдігіне шағандық тұрғындар зор алғысын білдірді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Тасбергенов тілектестігін білдіріп, батасын берді.

Сондай-ақ, кәсіпкер М.Сәрсенбаев шағандық 50 бүлдіршінге Жаңа жылдық сыйлық табыс етті.

02 қаңтар 2021 ж. 624 0