Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыл үздіктері марапатталды

Жыл үздіктері марапатталды

Шаған ауылы – ауданға қарасты елді мекен арасындағы іргелі ауыл. Бес мыңнан аса халқы бар бұл мекенде қоныс тепкендер саны жыл сайын артып келеді. Биыл ғана жаңа қызметке тағайындалып, ауыл әкімі болып сайланған Ұлбала Әбдіраманова жыл сайынғы есеп беру жиналысы мен ауыл үздіктерін марапаттады. Әр салада жетістікке жеткен "Жыл үздігі" номинациясы 14 кәсіби маманға бұйырды. Олардың ішінде қарапайым күзетшіден, ақ халатты дәрігер, ұстаз, жаттықтырушы мен мәдениет саласының қызметкері бар. Мерекелік кештің құттықтау сөзінде: 
– Биылғы жыл біздің ауылымыз үшін толағай табыстарға толы жыл болды. Облыстық деңгейде әз-Наурыз мерекесін атап өттік. Оны теледидар арқылы тамашалаған көрерменнің қарасы қалың болды. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары мен облыс әкімі бірнеше мәрте біздің мекенге арнайы іс-сапармен келді. Ең басты жетістігіміз үлкен мешіттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Алла үйінің бой көтеруі сізбен біздің бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі деп білемін. Жаңа 2020 жыл баршаңызға береке, табыс алып келсін. Әрбір отбасында тек бақыт орнасын, – деді Ұ.Әбдіраманова.  
Ауылдық мәдениет үйінде өткен шараға қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер, тұрғындар мен сала қызметкерлері қатысты. Марапат иелеріне арнайы Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Шара соңы мерекелік концертке ұласып, көтеріңкі көңілмен тарқасты. 
31 желтоқсан 2019 ж. 1 015 0