Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

Спорт – денсаулықты нығайтатын, сала­­­мат­ты өмір салтын қалыптастыратын үлкен сала. Ата-бабамыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетімізде халықтың дені сау болуы үшін бар мүмкіндік жасалуда. Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев аудан спортшыларымен кездесті. Еркін форматтағы кездесуде ауданда спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

Аудан әкімінің орынбасары биылғы жылы аудан спортын дамытуда нәти­желі жұмыс бар екеніне тоқталды.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Н.На­зар­­баев Тәуелсіздік жыл­да­рынан бері саламатты өмір салтын қалыптастыруда мемлекеттік бағ­дар­ла­маларды жүзеге асырды. Оның ішін­де 2020 жылдың қорытын­­­­ды­­сымен Қазақстан халқының 30 пайы­­­зы бұқаралық спортпен шұғыл­дануына басымдық берді. Ел спортын дамытудағы Елбасының стра­те­гия­­­лық бағытын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрі қарай жалғастырып, қазақстандықтарға арнаған Жолдауында ұлт денсаулығына ерекше мән беріп келеді. Осы мақсатта халықты бұқаралық спортқа тарту үшін нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл ретте, біздің аудан жыл қорытындысымен 30 пайыздық межеден асты. Қазір аудан тұрғындарының 31 пайызы бұқаралық спортқа ден қойған. Спортпен айналысушылар санының өсуі ауданда сауықтыру нысандары мен дене шынықтыру ұжымдарының көбеюімен бай­ланысты. Бүгінде ауданымызда түрлі деңгейдегі 130 спорт нысандары жұмыс жасайды. Спорт саласын дамытуда ауданда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында «№11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» ағымдағы жөн­деуден өтті. Ал Бесарық ауылында «Абай-Даулет» ЖШС-нің демеушілігімен дзюдо, таеквондо бөлімшелері ашылды.

Сонымен қатар, жақында биылғы «Волонтерлар жылын» қорытындылауға арналған аудан жастарының дәстүрлі ХІІ форумы өтті. Онда спорт саласын дамытуға қатысты жастар бірқатар мәселе көтерді. Оның ішінде Айдарлы ауылынан ерікті жас ауылға спорт маманының қажеттілігі жөнінде ұсынысын жеткізген болатын. Әрине, мұндай ұсынысқа әркез қолдау көрсетіледі. Келесі жылдан бастап Айдарлы ауылында «Спорт нұсқаушы» штаты ашылып, арнайы маман ауыл жастарын спортқа тәрбиелейтін болады. Жалпы, аудан спортының дамуына аудандық бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Соның нәтижесінде спортшыларымыз қажетті спорт құралдарымен және киімдермен қамтамасыз етілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да атқарыла береді, – деді аудан әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы.

Сондай-ақ ауданда мықты спортшыларды шынықтырып жүрген бапкерлерге, спортпен кәсіби түрде айналысып, ел намысын қорғап жүрген спортшыларға зор құрмет көрсетіліп жатқанын жеткізді. Соның бір дәлелі ретінде жыл қорытындысында ауданның абыройын асқақтатып жүрген көгалдағы хоккейден облыстың аға жаттықтырушысы Сұлтан Қобландин «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды. Аудан әкімінің орынбасары бұл талай шәкірт тәрбиелеп жүрген тәжірибелі бапкерлерге және дарынымен танылып келе жатқан жас спортшыларға деген зор құрметтің белгісі екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында ардагерлер мен жас спортшылар ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Олардың ішінде аудан орталығындағы спорт клубқа қатысты ұсыныс жеткізіліп, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатыны айтылды.

Кездесу қорытындысында биылғы жылдың 1 ақпаны мен 5 нау­рыз күндері аралығында Сырдария ауданы әкімінің жүлдесіне арналған футзалдан жастар арасында өткен аудан біріншілігінде үздік ойын көрсеткен спортшылар марапатталды.

Жарысқа 15 командадан 200-ге жуық спортшы қатысқан. 11 кент және 4 ауылдық округі жастарынан құралған командалар тартысты ойын көрсетті. 15 тур бойынша 105 ойын өткен. Біріншілікті өткізуге 22 ерікті жас атсалысып, жарыста кімнің мықты екені анықталған. Біріншілік нәтижесінде «Регион 11» командасы І орынды, №12 өрт сөндіру бөлімі командасы ІІ орынды №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектеп командасы ІІІ орынды иеленді. Жарыс жеңімпаздарына арнайы диплом, медаль және қаржылай сыйақы табыс етілді.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ 
26 желтоқсан 2020 ж. 496 0