ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУҒА АЙРЫҚША СЕРПІН БЕРЕДІ
Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында көтерген бастамалары елдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға айрықша серпін береді деп есептеймін.
Елбасы әлемдегі күрделі экономикалық жағдайды ескере отырып, егемен елдің алдағы уақыттағы даму бағыттарын айқындап берді. Елімізді биік белестерге көтеру мақсатында орындалуы тиіс аса маңызды жобалардың іркіліссіз іске асыру жолдарын ұсынды. Президент өз Үндеуінде елдің өркендеуі халықтың әл-ауқатының артуына тікелей байланысты екенін айтты. Осы ретте, Алашқа ана да, пана да болған Сыр елінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар екені баршамызға белгілі. Мәселен, Қызылорда облысы республика бойынша әлеуметтік салаға ең көп қаржы бөлген аймақ. Яғни, Мемлекет басшысының өміршең бастамалары өңірде алдағы уақытта да жүйелі жүзеге асатынына сенім мол.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылған тағы да бір жақсы жаңалық ол баспанамен қамтамасыз етуге байланысты қабылданған «7 – 20 – 25» бағдарламасы. Аталған бағдарламаны еліміздегі тұрғын үй мәселесін толықтай шешуге бағытталған ірі жоба ретінде қарастыруға да болады. Бағдарлама толығымен іске асса, елімізде баспана мәселесін шешумен қатар, құрылыс компанияларының жұмыс көлемі артады, мыңдаған жұмыс орындары ашылады, құрылыс материалдары нарығындағы өсімге қол жеткізуге мүмкіндік туады. Мұның бәрі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына өз септігін тигізеді.
Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы бастамасы – жастарға жасалған үлкен қамқорлық. Яғни, жастардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалады. Мемлекет тарапынан жасалатын осынау қамқорлық студенттердің сапалы білім, саналы тәрбие алып, кәсіби маман болуына басты негіз болады. Ал, жаңадан қосылатын 20 мың грант білімге құштар ел жастарына көрсетілген нақты демеу. Осындай үлкен игіліктердің барлығы барша қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады. Біздің ендігі мақсатымыз – елге берері мол байыпты бастамалардың іркіліссіз орындалуына лайықты үлес қосу.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.
Пікір 2