ҚР Тәуелсіздігі күніне орай салтанатты жиын өтті
Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Тәуелсіздігіміз – мәңгілік» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты іс-шара карантиндік талаптарға сай ұйымдастырылып, оның барысында ұлық мереке ұлықталды.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізіліп, Гимн орындалды. Мұнан соң аудан әкімі Талғат Дүйсебаев көпшілікті Ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығымен құттықтады.
– Тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. Еліміздің Тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің жеңісі.
Тарихи жолды жүріп өткен бабаларымыздың халық болып бірігу, ел болып топтасу жөніндегі арманы 1991 жылы жүзеге асты. Сол жылдан бастап тарих бетінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті қалыптасты. Тарихи тұрғыдан алғанда 29 жыл аз мерзім болғанымен, егемен елімізде ғасырға татитын ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат етіп, өз бағытымызды айқындадық. Егемендік алған сәттен бастап қазақ елін қалыптастырып, мемлекетті жарқын болашаққа жетелеген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге талай сындарлы сәттерді өткердік. Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан Республикасы – Орта Азияның ғана емес, бүкіләлемдік мәселелерді талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын беделді мемлекетке айналды. Азат ел дамуының бағдарын көрсеткен Елбасының салиқалы саясатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев одан әрі тиімді жалғастырып, табысты экономикалық реформаларға тың серпін беруде. Жалпы, еліміздің бүгінгі бағындырған биіктерінің ең басты тұғыры – бірлік пен береке екені айқын, – деген аудан басшысы даму белестеріне қадам басқан аудандағы жасампаз жұмыстарға тоқталды.
Мерекелік құттықтаудан кейін жылдағы дәстүрге сәйкес ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, аудан әкімі бірқатар азаматты «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады.
Сондай-ақ аудан басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медалін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайрулла Әбенұлына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасын» «Ақжарма-1» фермер қожалығының төрағасы Шакизамен Айтановқа табыс етті.
Тәуелсіздік күні мерекесінде әр салада жемісті еңбек етіп, аудан мерейін асқақтатқан жыл үздіктері де марапат тұғырынан көрінсе, бірқатар сырдариялық облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі