Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағандықтардың шаруасы ширап келеді

Шағандықтардың шаруасы ширап келеді

Шаған – аудандағы ең үлкен елді мекен. Ауылда бес мыңдай халық тұрады. Жақсы дамып келе жатқан ауылдардың қатарында. Негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы. Одақ кезінде «Тереңөзек» кеңшары болған шаруашылық Сыр салысынан рекордтық өнім жинап, «күріш фабрикасы» атанды. 2004 жылдың желтоқсанынан бастап «Шаған-Жер» ЖШС болып құрылып, жұмыс істеп келеді.

Биылғы жылғы көктемде шаруашылыққа ауылдың іскер азаматы Жеңісбек Сыздықов басшылыққа келді. Ауыл, кент әкімі болған, қаржы бөліміне жетекшілік етіп, мол тәжірибе жинақтаған азамат шаруашылық тізгінін ал­ғаннан кейін жұмысты жүйелі жүргізудің жолдарын қарастырды. Су тап­шылығы, індет­ке байланысты карантиндік шаралар едә­уір қолбайлау болса да істің көзін тауып еңбеккерлерді басты мақсатқа жұмылдырып, қиындықтарды бір­тіндеп жеңді.

Орта буын мамандары, күрішші механизаторлар, жалпы алғанда, дала еңбеккерлері «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ұйымшылдықпен жемісті еңбек етті.

Биылғы жылы шаруашылық бойынша 2872 гектарға Сыр салысы егіліп, жиын-терім қорытындысында 177858 центнер өнім жиналды. Бұл әрбір гектарға шаққанда 62 центнерден келеді. Шаруашылық тарихында 45 жылдан бері мұндай өнім жиналмаған екен. Сыр салысын жинауда жоғары көрсеткішке жетуде ала жаздай тыным таппаған күрішшілердің еңбегі орасан. Шаруашылық сушылары арасынан Кенжетай Омаров көш бастады. Ол өзіне бекітілген 37 гектар алқаптың әрбір гектарынан 73,5 центнер алтын дән жинап, ауылдастарының мерейін үстем етті. Сондай-ақ, озат күрішшілер Мұрат Өмірбаев 30 гектар алқаптан 70,5 центнер алтын дән алса, Ербол Әбілақов 48 гектар алқаптан 69 центнер өнім жинады.

Шаруашылық күріш өндіруді арттырумен қатар егіншілік мәдениетін әртараптандыруға баса көңіл бөліп отыр. Биыл ауылда жылыжай құрылысы басталды. Мұнымен қоса, шаруашылық «Байқоңыр» ӘӘК бірлесіп, ет өндіру цехын іске қоспақшы.

Шаруасы ширап келе жатқан шаруашылық басшысы еңбеккерлердің рухани дүниесі бай болуына да көп көңіл бөледі. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына 360 адамнан тұра­тын ұжымның 300-і аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне жазылды.

Шағандықтар қашанда еңбекқор, рухани қуатты басты орынға қоятын ұйымшыл жандар. Олай болса «Бірлік бар жерде, тірлік бар» дегендей, талпыныс табысқа жеткізетіні айқын.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 

03 қараша 2020 ж. 836 0