Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елбасы кітапханасы – теңдессіз рухани орталық

Елбасы кітапханасы – теңдессіз рухани орталық

Еліміздің егемендік алып, бүгінгідей бейбіт өмір сүруінде Елбасының рөлі зор. Олай дейтініміз, азаттыққа қол жеткізген отыз жылға жуық уақытта мемлекеттің еңсесін тіктеп, ішкі және сыртқы жағдайды қалыпқа келтіріп, дамудың даңғыл жолын қалыптастыру  Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегі екені сөзсіз. Тәуелсіздік жылдарынан бергі Тұңғыш Президенттің атқарған жұмыстары, сындарлы сәттегі тарихи шешімдері, шет мемлекеттермен мызғымас байланыс орнатуы жөніндегі толық ақпараттар елорда төріндегі Елбасы кітапханасында сақтаулы. ондағы экспонаттар мен елбасының жеке қорымен 2018 жылы бас қалаға жұмыс сапарымен барғанда арнайы танысқан едік.

Сәулеттік құрылысы ерекше ғимараттың іші ерекше әсерге бөлейді. Ғимаратқа кіргеннен-ақ айрықша безендірілген үлкен орталық залдағы экрандарда егемендік жылдарынан бергі атқарылған жұмыстар көрсетіліп тұр. Бұл қатарда қазақстандық белгілі спорт саңлақтары Г.Головкин, И.Ильин, марқұм Денис Теннің Ұлт Көшбасшысына сыйға тартқан медальдары, спорттық киімдері топтастырылған. Сапарымызда көпқабатты Елбасы кітапханасы жұмысымен арнайы мамандар таныстырды.

Негізі, орталық Елбасының 2014 жылдың 13 наурызындағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен құрылған. Оны құрудағы басты мақсат – Қазақстан Президентінің жеке кітапханасы мен жеке мұ­рағатының жұмысын ұйымдастыру, еліміздің қалыптасуы мен дамуын, осынау үдерістегі Тұңғыш Президенттің жетекші рөлін, оның жасам­паздық-шығармашылық идеялары мен бас­та­маларының мазмұнын зерделеу және Ел­басының бастамаларын ақпараттық-имидж­дік тұрғыдан ілгерілету. Бұл кітапхана Елбасының орталығы болып тұрғанымен ерекше. Өйткені, мұнда қайраткер тұлғаның жеке кітапханасы, жеке мұрағаты жинақталған.

Елбасы кітапханасын аралағанда мамандар мұндай тәжі­рибе тек АҚШ-та ғана орын алғандығын айтты. Яғни, билік басында отырған кезінде Франклин Рузвельт өзінің президенттік орталығын жасақтаған. Кейін ол мұражай болып сақталған. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы Елбасы орталығы 2013 жылы британиялық танымал сәулетші Норман Фостердің жобасы бо­йынша салынған. Ғимарат аспанға, яғни ұшар биікке ұмтылған көз жанары тәрізде бой көтерген.

Құрылымы мен қызметі кәдімгі кі­тапханалардан айрықша болған ор­талықтың алғашқы қабатында Елба­сының жеке мұрағаты орналасқан. Онда Елбасының өмірбаяндық, шы­ғармашылық материалдарынан, мемлекеттік және қоғам­дық қызметі барысында жиналған құжаттар қамтылған. Жеке мұрағат қорында 127 мың­нан астам бірлік құжат жинақталыпты. Сондай-ақ, бұл жерге құнды экспонаттар қойылған. Атап айтқанда, мемлекет және үкімет басшыларының, бірқатар елдердің ресми өкілдерінің, халықаралық компаниялар мен ұйымдардың, атақты мемлекет, саяси, қоғам және өнер қайраткерлерінің Қазақстандағы ресми іс-шаралары бары­сында Тұңғыш Президентке берілген сыйлықтар осында сақ­таулы.

Ал екінші қабатта экспозиция-көрме бар. Мұнда «Әлемді өзгертетін идеялар» атты интерактивтік білім беру орталығы жұмыс істейді. Мұның негізгі өзегі – «Президенттік экспозиция». Яғни, мұнда Ұлт Көшбасшысының тұлғалық қасиеттері туралы жан-жақты мәлімет ұсынылып, ел дамуындағы ерекше идеялары, тарихи шешімдері көрсетіледі.

Зәулім ғимараттыңүшінші қабаты – Ел­басының жеке кітапханасы. Мұнда Тұңғыш Прези­денттің Қазақстанды да­мытудағы еңбектері, елеулі оқиғалар қамтылған. Бұл қатарды Елбасы туралы қазақстандық және шетелдік авторлардың кітаптары, сондай-ақ, еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуы, шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастары туралы кітаптар жалғастырады. «Мәдени мұра» бағдарламасымен шығарылған кітаптар, «Әлем әдебиеті» галереясы бар. Жалпы, Елбасының жеке кітапханасы қорында Нұрсұлтан Назарбаевтың 1960-жылдардан бастап жинаған кітаптары сақтаулы. Оның ішінде, «Сирек қор», «Сыйға берілген кітаптар» топтамасы бұл нысанның маңыздылығын аша түседі.

Елбасы орталығын аралаған адам ерекше әсер алады. Себебі, Ұлт Көшбасшысының қатысуымен аса ауқымды әрі зор маңызға ие халықаралық, республикалық жиындар өткізілетін орын адамның рухани-танымдық ләззат алуына ықпал етеді. Елбасының тұлғалық қасиетін ашатын бөлімдерді аралап, енді ғана егемендігін алған мемлекетті аяққа тұрғызуда атқарылған ауқымды жұмыстарды көресің. Шиеленісті жағдайдағы күрделі мәселелерді шешудегі Тұңғыш Президенттің салиқалы саясатын байқайсың. Жалпы, Елбасы кітапханасын аралап көрген адам Қазақстанның қазіргідей дамуындағы Ұлт Лидерінің ерен еңбегімен толық танысады.

Айта кетейік, орталықта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жұмыс жасайды.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
01 желтоқсан 2020 ж. 347 0