Ел ертеңін ойлаған Елбасы

Ұлы Дала төсін дүбірлеткен ер бабалардың асыл мұратын іске асырған Елбасының ерен еңбегін мектеп оқушылары кеңінен насихаттады. Мыңжылдықтар тоғысында «Мәңгілік Ел» құрудың негізгі бағытын атады. Кемел келешектің дарынды жастарына айналуына бекінген олардың ой ұшқырлығы сабақ барысында сараланды. Сан ғасырлық арманның ақиқатқа айналуын Елбасы ерлегіне балаған жас ұрпақ ертеңгі күннің жарқын болатынына сенім білдірді.
Ашық сабақтың негізгі бөлімінде мектеп оқушылары мен қонақтар өзара сайыс арқылы кемеңгер тұлғаның ұлы істеріне шолу жасады. Сонымен бірге онлайн сауалға жауап беріп, білім деңгейін тексерді. Арнайы шақырылған қонақтар ардагер З.Жүсіпбаев, Ұ.Ахметова, М.Қонысбекова, кент клубының қызметкерлері Ғ.Сансызбаева, Е.Жүнісов, мектеп директоры Л.Палымбетова сөз алып, Тәуелсіздік жылдарында орын алған елеулі оқиғаны тілге тиек етті. Елбасының ішкі және сыртқы саясаттағы сындарлы стратегиясының басым-бағыттарына тоқталды.
Дәл осындай сабақтар барлық сыныпта жалғасын тапты. Елбасының кемеңгерлігі хақында бейнеролик көрсетілді. Мектеп оқушылары арнау өлең оқып, патриоттық әндер шырқады. «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында кітап көрмесі көпшілікке таныстырылды.
Б.ОРДАБЕКОВ