Жұдырықтай жұмылған...
Пандемия уақытында әлем бойынша коронавирус инфекциясымен күрес қарқынды жүргізіліп келеді. Еліміз бойынша соңғы бес айға жуық мерзімде сақтық шаралары күшейтілді. Карантин талаптарына сәйкес республика аумағында шектеу ережері бекітілген. Коронавирус инфекциясының таралуын бәсеңдету үшін арнайы қаулы бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Вирустың адам өміріне қауіптілігі жоғары. Сондықтаніндетпен күресте жұдырықтай жұмылған абзал. Барлық күштің құрылымы бір арнаға ұйысқанда қауіпті індетті барынша ауыздықтай аламыз. Осындай сындарлы сәтте белсенділік танытқан еріктілердің еңбегі ерен.
Негізінен еріктілікпен айналысу – жүректің қалауы. Шындығында еріктілік жасына, кәсібіне қарай бөлінбейді. Белгілі бір деңгейі мен дәрежесі де маңызды емес. Жақсылық жасау барлық адамның ізгі ниетімен орындалады. Дүниежүзін дүрбелеңге салған коронавирусты тежеу мақсатында еріктілер ерен ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Ізгілікті істерімен көпшілікке танылған олар қоғам өмірімен біте қайнасты. Уақытпен санаспай, инфекция ошақтарының бел ортасынан табылды. Өз күштерін табандылық жолында біріктіріп, жақсы адамдар қатарын толықтырды. Қоғамға берген пайдасы көп. Қиын-қыстау кезінде ерікті жастар дәрігерлердің жанынан табылып, жақындарына жанаршылық танытты.
Айта кету керек, медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмекті тасымалдау үшін автоеріктілік қызметі жанданды. Сонымен бірге тәулік бойы оттегі аппараты мен тарыларын тасымалдаған еріктілер адам өміріне араша түсті. Ел көлемінде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, еріктілер барлық санаттағы азаматтарға қол ұшын созды. Адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық құрал-жабдықтар таратты.
Аудан бойынша ахуалды тұрақтандыру мақсатында еріктілер белсенділік танытты. Барлық елді мекенде ерікті жастар ақ халатты абзал жандармен бірге вируспен күрес жүргізді. Дәрі тапшылығы орын алған тұста қайырымды істін бас-қасынан табылды.
Волентерлік жұмыстың еңбек өтіліне саналатындығы жастарға көрсетілген айрықша қолдау. Алдағы уақытта сан сала бойынша тәжірибе жинақтаған еріктілер қоғамның қозғаушы күшіне айналады.
Бұл ретте 12 тамыз – халықаралық жастар күніндетөтенше жағдай және карантин кезеңінде еріктіліктің үлгісін көрсетіп жүрген ерікті жастар аудан әкімі Руслан Рүстемовтың «Алғыс хатымен» марапатталған болатын.
– «Жұқпалы инфекциямен күресте жанашыр жандар жан-жақты қолдау көрсетті. Оның ішінде науқастарға еріктілер тарапынан жасалған көмек – бұл індетті еңсеруге айтарлықтай ықпал етті. «Волентерлар жылында» нағыз патриоттардың, жауапкершілігі мол жаңа буынның қалыптасқаны қуантады. Сіздің жанқияр жанашырлығыңызды Отанымызға деген сүйіспеншілігіңіз бен биік азаматтық ұстанымыздың көрінісі деп білемін. Елімізде індет жайлаған кезеңде жанкештілік танытып,көмекке мұқтаж жандарға ерікті түрде қол ұшын бергеніңіз үшін зор алғысымды білдіремін!» – делінген аудан әкімінің «Алғыс хатында».
Ендеше ізгі амалдардың бас-қасынан табылған еріктілердің еңбегі мақтанарлық. Әрқашан жұдырықтай жұмылған еріктілер адамдарды ізгілікке бастайды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ