Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҒАМНЫҢ ТЕГЕУРІНІНЕ ҚАРСЫ ТҰРАР ҚЫЛМЫС ЖОҚ

ҚОҒАМНЫҢ ТЕГЕУРІНІНЕ ҚАРСЫ ТҰРАР ҚЫЛМЫС ЖОҚ


Жақында кент мәде­ниет үйінде аудандық прокуратураның ұйым­дастыруымен «Есірткіге жол жоқ» тақырыбында ведо­моствоаралық мәжі­ліс өтті. Оған облыс про­курорының орынбасары Т.Әлібаев, аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, «Нұр Отан» партия­­сы аудандық филиал­ төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, аудан әкімі аппаратының басшысы Д.бай­душев, аудан ардагерлері, ҮЕҰ өкіл­дері, мемлекеттік мекеме басшылары мен ауыл әкім­дері, құқық қорғау саласы қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды аудан прокуроры А.Тәженов ашып, жүргізіп отырды.

Бүгінгі күннің басты мәселесі болып отырған есірткіге қарсы күрес жұмыстары толассыз жүргізілгенімен оны егіп, өсіру белең алып бара жатқандығын атаған аудан прокуроры осыған қатысты соңғы бес жылға талдау жасалғанын жеткізді. Соның нәтижесінде, ауданда есірткі қылмысы жыл өткен сайын өршіп барады. Мәселен, 2015 жылы 10 қылмыс болса, 2017 жылы 33 қылмыс тіркелген. Өткен жылы 8,5 мың түп немесе 3,8 тоннаға жуық есірткі өсімдіктері егілгендігі анықталған. Осыларға талдау жасау барысында қылмыстардың басым бөлігі елді мекендерде, шалғай далалық, суармалы жерлерде, өзен-көл маңында өсірілген. Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсірумен ауыл тұрғындары оның ішінде, Айдарлы, Ақжарма, Шіркейлі, Іңкәрдария, А.Тоқмағанбетов және басқа да елді мекен тұрғындары айналысқан. Осындай статистикалық көрсеткіш жұртшылықтың алаңдаушылығын тудырып отырғаны рас. Асхат Бисенбайұлы мәжілісте аталған қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды саралап, оған тосқауыл қоюдың тиімді жолдары қарастырылатынын айтты.
Мәжілістің күн тәртібі бойынша аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Е.Сағидуллаұлы «Есірткінің заңсыз егілген алқаптарын анықтау, алдын алу және әшкерелеу бағытындағы атқарылған жұмыстардың тиімділігі» тақырыбында хабарлама жасап, өткен жылғы жұмыстардың есебін берді.
– «Көкнәр-2017» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмысшы тобымен және аудандық ішкі істер бөлімінің күштерімен ауданымызда есірткі алқаптарын өсірудің 31 дерегі анықталды. Оның ішінде, А.Тоқмағанбетов ауылында – 6, Іңкәрдария ауылында – 5, Шіркейлі және Жетікөл ауылдарында – 4, Ақжарма, Айдарлы, Бесарық ауылдарында – 3, Аманкелді ауылында - 2, Шаған ауылында – 1 деректен анықталған. Анықталған 31 есірткі алқаптарының 21-і ауданның қосалқы жерлеріне, 10-ы учаскенің түрлі меншік иелеріне тиесілі екені анықталып, жер учаске иелеріне қатысты жерлерін қайтару бағытында тиісті шаралар қабылданды, – деген аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы тәркіленген есірткі өсімдіктерінің жойылғанын жеткізді. Осы есірткі алқабына қатысты 13 қылмыскер ұсталған. Олардың 8-і жергілікті тұрғындар болса, қалған 5-і Қызылорда қаласының тұрғындары. 4-і бұрын-соңды есірткі қылмысымен жауаптылыққа тартылғандар есебінен. Нәтижесінде, заңсыз айналымнан барлығы 8,545 түп немесе 3,600 келіге жуық есірткі құралы тәркіленіп, өртеу жолымен жойылған.
Осыған байланысты аудан әкімдігі жанындағы құқық қылмыстары профилактикасы жөніндегі комиссия отырысында есірткі қылмыстары профилактикасы бойынша тиісті мәселелер талқыланған. Онда Сырдария АІІБ, ЖПҚ, аудандық жер қатынастар бөлімі ауыл әкімдерімен бірлесіп, кұрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіруге қарсы іс-қимыл жөніндегі «Көкнәр-2018» бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларының жоспары әзірленіп, сонда көрсетілген тармақтардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. Одан бөлек, аудандық мәдениет үйінде ашық көшпелі сот отырысы өтіп, есірткі қылмысымен құрықталған қылмыскерлерге қатысты ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі соттың үкімі халық алдында жарияланған. Бұл аталған қылмысты болдырмау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова баяндама жасап, жастардың нашақорлыққа жол бермеуі бағытындағы жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жастар – жарқын келешек иелері. Ал олардың тұлға болып қалыптасуына дұрыс тәрбие берілуі тиіс. Оның ішінде, жастардың нашақорлықпен айналысуына мүлдем жол бермеу қажет. Осы бағытта, ауданның барлық елді мекендерінде ата-аналар жиналысы өткен. Онда бала болашағына немқұрайлы қарамай, күнделікті мектеппен тығыз байланыс жасау керектігі айтылған. Сондай-ақ, Балшекер Сұлтанбекқызы есірткі қылмысының алдын алу үшін жоспарлы түрде үйлестіру кеңесі өтетінін жеткізді.
Қазір қыс бітіп, көктем басталды. Енді шаруашылық құрылымдары егін егу жұмыстарына кіріседі. Осы тұста, аудан әкімінің орынбасары ауыл әкімдері, шаруашылық басшылары және ауылдық учаскелік полиция инспекторлары бірігіп, профилактикалық жұмыстарды жасау қажеттілігін атап көрсетті. Ауыл көлемінде, шаруашылық жерлерде есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіруге тосқауыл қоюға жұмыла кірісу керектігін тілге тиек етті.
Келесі кезекте аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Омаров та күн тәртібіндегі мәселеге қатысты атқарылған жұмыстарды баяндады. Жоғарыда айтылғандай, есірткі қылмысына қатысты өткен жылы 31 дерек анықталса, оның 21-і ауданның қосалқы жер учаскелері, ал 10-ы меншік иелеріне тиісті. Мұның ішінде шаруашылық жерлерінен де есірткі заттары бар өсімдіктер егілгені анықталған. Бөлім басшысы анықталған жерлерді заң тұрғысында мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілгендігін жеткізді.
Өз кезегінде облыс прокурорының орынбасары Т.Әлібаев есірткімен күрес жүргізу, қылмысты болдырмау мен алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын үнемі жүргізу қажеттігін айтты. Бұл ретте, ауылдық округ әкімдері елге кімдердің келгеніне назар аударып, жерге қатысты мәселеде аса сақ болу қажеттігін ескертті. Себебі, алақандай ауылда кімнің немен айналысып жүргенін білу қиын емес. Осы орайда, ауылдағы барлық үкіметтік емес ұйымдар, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп жұмысты үйлестіру керектігін де жеткізді. – Жергілікті жерлерде болып жатқан жағдайды ауыл әкімдері біледі. Елді мекеннің тыныс-тіршілігін білгендіктен олардың бұл жағдайлардан хабары жоқ дегенге сену қиын. Сол себепті, ауылдық учаскелік инспекторларымен бірге жұмыс жасап, профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажет. Негізі, меншік иелері өз жерлерін нысаналы мақсатта пайдалана алмаса, жер қатынастары бөлімі заң жүзінде шектеу қоя алады. Тіптен, ол жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Бас­ты бағытымыз – есірткі қылмысының алдын алып, оны болдырмау, - деді облыс прокурорының орынбасары Талғат Айтбайұлы.
Ведомоствоаралық мәжілісте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы әркім өз жеріне ие болып, жауапкершілікті білу қажеттігін атап өтті. Ал аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов мұнымен тек құқық қорғау саласы қызметкерлері ғана емес, қоғам болып күресу керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, бұл тұрғыда, халық қалаулылары да үн қосып, ауылдарды аралап, қылмысты болдырмау мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізетіндігін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан прокуроры үстіміздегі жылдың алғашқы екі айында қылмыс саны өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда күрт өсіп отырғандығын атап көрсетті. Осы орайда, қылмысты, құқық бұзушылықты болдырмау жұмыстарын күшейту керектігін ескертті. Ал есірткі қылмысына қатысты 1500-2000 халық бар ауылдың тіршілігі бәріне белгілі екенін айтып, ауылға жақын жерлерде оны егіп, өсірумен айналысқандар құрықталғанын жеткізді. Барлығын да ауыл тұрғындары жасап отырғанын жеткізіп, тосқауыл қою жұмыстарын жандандыру қажеттілігін атады.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

03 наурыз 2018 ж. 1 027 0