Операның Меккесі – «Ла Скала» сахнасында ән салған тұңғыш қазақ
Қазақ өнерінің тарихында операның Меккесі саналатын «Ла Скала» сахнасында ән салған тұңғыш қазақ деп аталатын бір ғана адам бар. Ол - Амангелді Нақыпұлы Сембин еді.Мұндай атақ оған 1973-1975 жылдары Миландағы әйгілі опера театрында тәжірибе жинақтау кезінде бұйырды. Жасы отызға да толмаған жас әнші әлемдік операның Меккесінде ән салып, Лучано Паваротти, Пласидо Доминго, Хосе Каррерас сияқты алыптармен бір сахнада өнер көрсетті. Әрі ол итальяндық ұстаздардан жоғары баға алды. Бұл – қазақтың опера өнеріндегі ең биік шыңы еді.
Өкінішке қарай, Амангелді Сембиндің жұлдызды сәті бар болғаны 7-8 жылға ғана созылды. 1960-жылдардың аяғында Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясына 800 талапкердің ішінен іріктеліп, Дінмұхамед Қонаевтың арнайы стипендиясымен оқыды. Осылайша ол 1973 жылы «Ла Скалаға» жол тартты. 1975 жылы елге оралды.
Елге оралған соң А.Сембин кәсіби маман ретінде Қазақ академиялық опера және балет театрында, Алматы театр –көркемсурет институтында соло-әншісі, педагог қызметтерінде еңбек етті. Сондай-ақ итальян-қазақша музыкалық термин сөздігі, «Саз сөздігі», «Ән бағдарламасы», «Ән әліппесі» сынды әдістемелік оқу құралдарын жазып шыққан.
Ол осы аралықта Францияда Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Болат Аюханов тобымен бірге жартылай айлық гастрольде болып, Еуропа жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді. Қазақ өнерін күллі Еуропа жұртшылығын танымал еттті. Абай, Біржан, Төлеген, Айдар партияларын шебер орындап, «Айнамкөз», «Ақбақай», «Балқурай», «Бурылтай» әндерін теңдесі жоқ биіктікке әуелетті. Даңқ шыңында тұрған сәтінде оған мемлекет басшысының өзі қамқорлық танытып, бауырына басқан еді. Еңбегін бағалап, жоғары марапатқа ұсынды. 1976 жылы яғни небәрі 31 жасында «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» деген жоғары атаққа қол жеткізді.
Бірақ биіктеген сайын желдің қатты соғатыны белгілі ғой. 1976 жылдан кейін, яғни атақ алғаннан кейінгі бір-екі жыл ішінде Сембиннің өмірі күрт өзгерді. Шынын айтқанда құлдырау басталды. Ол бір сұхбатында былай деген еді: «Жалпы, менің биіктен құлауыма мақтау, қолпаштау және көре алмаушылық себеп болды». Яғни даңқты әншінің бағындырған белестері мен бас айналдырарлық карьерасы маңайындағылардың қызғанышын оятқан еді.
Е-history.kz








