Алыптар шыққан қасиетті мекен

«Дарын» ән үйірмесінің жетекшісі Райхан Матығұлқызы мәдениет саласын меңгерген жоғары білімді маман. Оқушылардың музыкалық қызығушылығын арттыру, сахна мәдениетін қалыптастыру бойынша жұмыс жасайтын ұстаздың шәкірттері талай өнер додаларында топ жарып жүр. Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары кәсіби өнер маманының бағытымен жүріп, биік шыңдарды бағындыруда. Мұнан бөлек мәдениет ошағында «Көркем сөз», «Сурет» және «Ардагерлер» үйірмесі жұмыс жасайды.
2019 жылдан басталған «Сурет» үйірмесінің жетекшісі Нұргүл Жұматаева да білікті маман. Былтыр ғана ашылған үйірме оқушылары облыстық байқаулардан жүлдемен оралған. Атап айтқанда, Ә.Қастеевтің 115 жылдығына арналған «Суретші болғым келеді» атты жас суретшілер байқауынан үйірме мүшесі Қымбат Смағұлова жүлделі ІІІ орынмен оралды. Ал, «Көркем сөз» үйірмесіне жетекшілік ететін Күлшара Сарбасованың шәкірттері Е.Мұхитдинов, Ә.Зулпар, С.Кәрім өлең өлкесінде ауылдың абыройын асырып жүр.
Мәдениет үйі жанындағы кітапханада бүгінде 25 628 кітап қоры бар. Биылғы жылы 83 жаңа әдеби кітаппен толықты. Кітапханашы болып қызмет етіп жүрген Нұргүл Серікболқызы осы ауылдың төл тумасы. Оның айтуынша, оқырмандардың соңғы уақытта Абай шығармаларына деген сұранысы мен қызығушылығы артқан. Жоғары білімді маман тек кітапхана ісімен ғана шұғылданбайтын көрінеді. Қосымша мерзімді басылымдардың әрбір материалдарының электронды нұсқасын енгізіп, оқырман сұраған мақаланы жедел тауып беруге дағдыланған екен.
Иә, қасиетті Қоғалыкөлдің топырағында дүниеге келгендер өнерден алыс болуы мүмкін емес-ті. Себебі, алыптар туған мекеннен тараған қасиет ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, бұл топырақтан түлегендер ерекше дарынымен танылуда.
Майя ҚОЖАБАЙ