Қылышбай Бисенов: Төтенше жағдай аяқталды деп босаңсуға болмайды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді.
«Бүкіл ел аумағындағы төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған отырыста.
Расымен елдің дәл қазіргі жағдайында асығыс шешім қабылдауға болмайды. Себебі өңірлердегі жағдай әр түрлі. Бұл біздің өз денсаулығымыз үшін аса маңызды.
Сонымен қатар, кеше Қызылорда облысында да бас санитардың №12 қаулысы шықты. Аталған құжатта өңірде карантин режимі біраз жеңілдетілген және бұл кезең-кезеңімен жеңілдетіле беретіні айтылған. Халыққа қажетті деген қоғамдық орындар мен кәсіпкерлік нысандарының ашылуына рұқсат етілді. Ал ойын-сауық орталықтарына баруды біздің жағдайымызда тоқтата тұрғанымыз абзал. Себебі, тұрғындардың өмірі мен денсаулығы маңызды.
Елімізде төтенше жағдай аяқталды екен деп босаңсуға болмайды. Біз қайткенде де сақтық шараларын әлсіретіп алмауымыз қажет. Өйткені, індет қаупі толықтай сейілген жоқ. Әрдайым бетперде тағынып, антисептикалық құралдарды пайдаланып, қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті ұстануымыз керек. Сонымен қатар, мүмкіндігінше үйде болайық. «Күннің жаманы кетер» демекші, жағымды жаңалықтар көп болсын.
Қылышбай БИСЕНОВ,
облыстық мәслихат хатшысы.