Белсенді азаматтық қоғам – даму діңгегі
Бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаев үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Кездесуге аудандағы азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Аудан басшысы мемлекеттің қандай да болмасын бастамасын жүзеге асыру жолында үкіметтік емес ұйымдардың маңызы өте зор екенін атап өтті.
– Мүмкіндіктері мол, кәсіби білігі мен ұстанымы биік үкіметтік емес ұйымдар – елдің қуатын арттыратын, мемлекеттің тұрақтылығын күшейтетін аса маңызды қоғамдық институт. Сол себепті де біз азаматтық бастамаларға қолдау мен жан-жақты көмек көрсетіп келеміз. Азаматтық қоғам өкілдері ауданда тұрақтылықтың сақталуына, тұрғындардың қоғам өміріне белсене араласуына ықпал етеді. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, сол арқылы мемлекеттік саясатты іске асыруға өз үлестерін қосуда. Сондықтан бүгін өздеріңізбен кездесіп, алда атқарылатын жұмыстарды саралап алуды жөн көрдім, – деген аудан әкімі бірқатар мәселеге тоқталып, бүгінде азаматтық қоғам өкілдеріне зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді.
– Аудандағы барлық елді мекенді аралап көрдім. Ауылдарда әлеуметтік нысандар жаңарып, барлығының жұмысы жүйеге қойылған. Енді кейбір елді мекендердегі аяқ су мәселесін шешуге жұмысты жандандыратын боламыз. Оған қоса, жайылымдық жер мәселесі, ұсақ шаруашылықтарды кооперативке біріктіру және басқа да мәселелерді қолға аламыз. Бұл арқылы біз ауданның экономикалық әлеуетін арттырамыз. Ал ауданның әлеуметтік және рухани өркендеуіне үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі зор. Қазіргі таңда жастарды еңбекке баулу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, бала тәрбиесіне мән беру ісінде үлкен жұмыстарды атқаруымыз қажет. Өйткені бүгінгі қоғамда ұлттық тәрбие, дәстүрді сақтау, отбасы мәселесінде жауапкершілікке немқұрайлы қарау бар. Сол себепті қоғамда үкіметтік емес ұйымдар рөлін арттырып, тұрақтылықты сақтауда, дәстүрлерді жаңғыртып, жаңа заманға лайықтандыруда өздеріңізбен бірлесе жұмыс жасайтын боламыз, – деді аудан басшысы.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы аудандағы ардагерлердің жұмысына тоқталып, қарияларға жасалып жатқан құрметтерді атап көрсетті. Бүгінде аудан халқының 10 пайызы ардагерлер мен зейнеткерлерді қамтиды. Оларға аудандағы ірі шаруашылықтар тарапынан шипажайларға жолдамалар беріліп, ем алуына жағдай жасалуда. Осы ретте, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы «Кейбір шаруашылықтар осындай игі істерге көңіл бөлсе» деген ұсынысын жеткізді.
Сондай-ақ Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев та сөз сөйлеп, ауданның қоғамдық-саяси тұрақтылығын сақтауға ардагерлердің қосып жатқан үлесін айтты. Сонымен бірге жайылымдық жерлерге қатысты өз пікірін білдірді.
Өз кезегінде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева отбасылық құндылықтар, ене мен келін арасындағы сыйластық, әйел-ананы құрметтеу, бала тәрбиесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Жастарды қолөнерге бейімдеуге қатысты әлеуметтік жобалар арқылы іс-шаралар өткізіліп жатқанын атады. Сонымен бірге аудан орталығындағы «Әлеуметтік дүкен» жұмысына тоқталып, мұның әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға зор көмек екенін айтты.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі жұмыс барысында үкіметтік емес ұйым өкілдерімен жиі кездесіп, бірлесе жұмыс атқаратынын жеткізді. Әркез азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарына қолдау білдіретінін атап өтті.