Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалған хабарлама бергені үшін қылмыстық жаза

Жалған хабарлама бергені үшін қылмыстық жаза

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа өзгерістер мен толықтырулар жасалып, 2015 жылдың 01 қаңтарынан бастап күшіне енгені белгілі. Жаңа заңнамаларға енгізілген түбігейлі жаңа нормалардың негізінде бірнеше баптардың мазмұны мен төркіні қатаңдатып отыр. Кодекс тұжырымдарына сәйкес, қоғамға зиян келтіру қатерін туғызатын іс-әрекет, қылмыс саналатын – экстремизм мен терроризм әрекеттері үшін де жауапкершілік күшейтілді. Жаңадан қабылданған заңнама бойынша Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау 273-бап болып өзгертіліп, шара ретінде алты жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады деп көрсетілген. Яғни, күшін жойған Кодекстегі «екі жүзден бес жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге әкеп соғады» деген бөлімдер алынып тасталғанын байқауға болады.

Терроризм актісі – қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, мемлекеттік органдардың, өзге мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету немесе мемлекет, қоғам қайраткерлерінің қызметін тоқтату және бұрыс деп есептеген іс-әрекеті үшін кек алу мақсатында жеке тұлғаларға, ұйымдарға қарсы жасалатын немесе жасаймын деп қорқыту әрекеті болып табылады.

Аталған қылмысты жасаған азаматтар немесе кәмелетке толмаған тұлғалардың ата-анасы ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, Қылмыстық кодексте көрсетілген жауапкершіліктен бөлек аталған құқыққа қарсы әрекеті үшін мемлекеттік органдарға келтірген залалын толық мөлшерде өтейді.

2016 жылдың көлемінде Жедел басқару орталығының пультіне 2 жалған хабарлама түскен. Жүргізілген арнайы жедел-іздестіру шаралары барысында жалған хабарлама таратқан күдікті азаматтар ұсталып, оларға қатысты қылмыстық істер қозғалып, тиісті шешім қабылдану үшін Қызылорда қалалық сотына жолданды.


Осыған орай, облыс тұрғындарынан өздерімен бірге жолға алып шыққан заттарға бас-көз болып, қараусыз қалдырмауды сұрай отырып, аталған іс-әрекеттер халық арасында үрей тудыратындығын еске саламыз.

Аталған қылмыстық іс-әрекет ауыр қылмыстар санатына жатқызылатынын ескере отырып, бүгінгі күні қолда бар заманауи техникалық құралдармен терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама берген азаматтардың жүрген жерін және жеке басын анықтау ешбір қиындық туғызбайтынын білгені жөн.
18 қыркүйек 2020 ж. 810 0