Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЛАНЫҢ БАСТЫ ҰСТАЗЫ – АТА-АНА

БАЛАНЫҢ БАСТЫ ҰСТАЗЫ – АТА-АНА


Жақында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен барлық ауылдық округтердегі 17 мектептің базасында ата-аналар жиналыстары өтті. Әрине, жай ғана жиналыс емес, мәні зор, көпшілікке ой саларлық маңызды шара.
- Бұл шараны өткізуімізге аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы бастамашы болды-дейді ауданның бас оқытушысы Баян Сүюбаева бізбен әңгімесінде. - Өздеріңізге белгілі аудан бюджетінің 60-70 пайызы білім саласына тиесілі. Қандай мәселемен, күрмеуі қиын түйткілді жағдайлар турасында аудан басшысына ұсыныспен шықсақ ол қолдаусыз қалған емес. Бұл жолы да бала тәрбиесіне байланысты ойға қонымды, ата-ана, мектеп үшін тиімді жоба жасауды тапсырды. Іс-шаралар жоспарын жасағанымызда да зор қолдау көрсетті. Қысқасы, білім саласына қатысты қандай мәселе аудан басшысының назарында, үнемі бақылауында. Ал, бала тәрбиесі өте сақтықты, ыждағаттылықты, ұқыптылықты талап ететін жұмыс. Сондықтан тәрбиеде ата-ана, ұстаз, қоғам сырт қалмауы керек. Олардың арасында мықты байланыс болғанда ғана тәрбие-тәлімді, білім-сіңімді болары анық. Сонымен жиыннан қандай ой түйдік?!

«Балаға байқап сөйлесең ақылыңа көнер, байқамай сөйлесең көп ішінде – өлер» - демей ме бабалар?! Немесе «балам дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан табылар?» - деген тәмсіл де бала тәрбиесіне қатысты айтылған ұлағатты сөздер.
Жақында теледидардан мұғалім мәртебесіне қатысты бір хабарды көргенім бар. Онда әр түрлі пікірлер айтылып жатты. Сонда көбіне бала тәрбиесінде ұстаздар маңызды рөль атқарады десе, енді бірқатары ата-ана дейді.
Бала кезімізде үлкендердің қолына су құйғанда «Мұғалім, бол, балам» дегенді жиі еститінбіз. Қазір мұғалім болудан жұрт қашады. Оның сыры неде?! Себебі – мектепке бала келмей қалса да, ол бұзықтық жасаса, түн мезгілінде көшеде жүрсе алдымен мұғалімді кінәлайтынымыз жасырын емес. Мұғалімнен кемшілік іздейміз. Сорақысы сол мұғалімге қол көтеретін шәкірттің қарасы көбейді. Оны тезге салатын ата-ана баласына қой деудің орнына баласымен қосылып сабайтын болды мұғалімді. Жақында сондай оқиғаны (Ақтөбеде орын алған) республикалық теледидарлар жарыса көрсетіп жатты.
Абай хакім «Баламды медрессеге біл деп бердім» деген еді. Ал, қазіргілер «баламды мектепке мұғалімді ұр деп бердім» дейтін болған ба?! Әрине, бетін аулақ қылсын, ондай жағдайлар ауданда орын алған жоқ. Болмай-ақ қойсын. Бірақ, қит еткенге мұғалімнің үстінен домалақ арыз жазып, директордың алдына барғандар, аяғы дауға ұласқан жағдайлар аз емес. Көп жағдайларда жұмысбастылықты сылтауратып, бала тәрбиесіне мән бермейтін отбасылар көп. Олар көбіне «баламды дұрыс оқытпады. Мұғалімнің білімі, білігі төмен» - деп ұстазды кінәлап жатады.
Білім сапасы озық елдердің тәжірибесінде – олар ең алдымен адам тәр­биесіне көңіл бөледі, арнайы сабақтар өткізеді екен. Жапония елінде бастауыш сынып оқушыларына ұлттық құндылықтарды меңгеруді, ұлт­тық мәдениетті білуді, ұлттық тағамдар пісіруді, ұлттық киім киюді, үлкенге құрмет көрсетуді, тіпті өзі оқитын мектепті тазартуды, қоқыс жинауды үйрететін көрінеді. Сондықтан жапондар «жақсы маман даярлағаннан гөрі – жақсы адам дайындаған маңызды» дегенге мән береді. Ал біздің қоғамда бәріне мұғалім жауапты деген қасаң қағида қалыптасқан. Бала тәрбиесіне ата-ана жауапты деген психологияны қоғамда қалыптастыруымыз керек. Себебі баланы 3 жасқа дейін тәрбиелемесеңіз кеш қаласыз. Қазіргі баланы мектептен бөлек ғаламтор тәрбиелеп жатыр. Ғаламтордан көретін зорлық-зомбылық, кримоногендік сюжеттер баланы еріксіз қылмысқа итермелейді, олардың психикасын бұзады, көп білуге әуестенушілік, қызығушылық сол ғаламторда көрген-білгендерін өмірде жасауға итермелейді. Ал отбасында баланы үй жұмысына жұмсап, оның ойымен санасу, сұрағына жауап беріп, білмегенін үйрету ата-ананың тікелей міндеті.
Бұл жайлы ауданның бас ұстазы былай дейді:
– Қай халық болсын, үмітін ең алдымен, ұрпағынан күтеді. Жанған отын сөндірмей, түтінін түтететін артына ұрпақ қалдыруды көздейді. Сондықтанда, бала тәрбиесіне бүгіннен бастап көңіл бөлу ата-ананың алдында тұрған парызы.
Ащы болса да шындық бүгінде жасөспірімдер арасында адам ағзасын аздырып, орны толмас өкінішке соқтығар темекі мен ішімдікке әуестенушілер, ұрлық – қарлық, ішімдік, бопсалау мен әлімжеттік көрсету, төбелес ұйымдастыру, тіпті кісі өліміне дейін бару жиі көрініс табуда. Мұны аз десеңіз ғасыр індетіне айналып үлгерген есірткі де етектен алып жатыр.
Жаман әдет жұқпалы аурудай, сол жаман әдет – қылықтарды бойымызға жұқтырмас үшін халық болып күресетін күн туды. Баланы ұқыптылыққа, тазалыққа, имандылық пен ибалылыққа баулысақ келешектің келісті боларына күмән тудырмасақ та болады. Жақсы ата-ана өз баласына жат қылықтардан аулақ жүріп, жағымсыз әрекеттерге бой алдырмауды үйретеді. Десекте, балаға бастан көңіл бөліп, орта жолда оның тәрбиесіне мән бермеу де көптеген қиыншылықтарға душар етуі мүмкін екенін ұмытпағанымыз жөн. Көбінесе мұндай жағдайлар ата-аналардың жұмысбасты болуымен түсіндіріліп жатады. Қоғамға қомақты көлемде залалын тигізіп отырған осындай олқылықпен күресу мектептің, ата-ананың басты, яғни сізбен біздің басты міндетіміз.
Бізде көптеген ата-аналар баланың кемшілігін мектептегі мұғалімдерден көреді. Отбасында мұғалімдер туралы жақсы пікір айтылса, алдымен ата-ананың мектеп, ұстаз туралы жақсы ниеті балаға жақсы сөз. Ондай балалардың оқуға, білімге, мектепке құштарлығы артады. Ұстазды, адамды сыйлауы өзгеше болады. Мектеп, ұстаз туралы басқаша пікірде көңілі толмаған ойлардың жетегінде баласының алдында ғайбаттау сөзбен сөйленетін болса, ол баланың мектеп, мұғалімге көзқарасы өзгереді. Оқу-үлгеріміне әсер етеді. Ата-ана өз баласының ынтасын үйдегі тәрбие арқылы өзі жойып отырғанын білмейді. Бала тәрбиесі отбасынан басталады. Мектепке келгеннен кейін ол мінез отбасында қалыптасқан тәрбие одан әрі жалғасады. Бір тәуліктің яғни 24 сағаттың 7-8 сағаты мектепте, қалғаны тәрбие ордасы, үнемі ата-ана болып қала береді. Баланың сабаққа саналы қарап озат оқушы болып өсуі, ол мұғалім мен ата-ананың бірігіп өсірген жеміс ағашы, немесе ұшқыр ұшақ жасаумен тең десем артық емес. Дұрыс өспеген жеміс ағашы, дұрыс жеміс бермесе қуануға бола ма? Бір бөлшегі бұрыс жасалған ұшақты ұшырғаннан не пайда? Ол өзін де, өзгені де мерт етпей ме?
Ата-ананың үйіндегі әре­кеті балаларының көз алдында өтеді, сон­дықтан жақсы, жаман әдетіміздің бала тәр­биесіне ықпалы зор. Әрбір ата-ана – өзінің баласын Отанға пайдалы, өзіне мейірімді, еңбекқор, адам­гер­ші­­­лігі мол адам етіп тәрбиелеуге ха­лық алдында да жа­уап­­ты. Бірде-бір ата-ананың ба­ла тәрбиесіне нем­құрайлы қа­рау­ға еркі жоқ. Әке – отбасының тіре­гі, асыраушысы. Әкенің бала тәрбиесіндегі ықпалы аса күшті. Әкенің отбасындағы беделінің биіктігі балаға айтарлықтай әсер етеді. Қоғамда көбінесе, бала тәрбиесімен тек әйел адам айналысуы қажет сияқты көзқарас қалыптасты. Бірге өсірген егіннің жемісін де ата-ана бірге көрмей ме? Әке тарапынан бірге көрсетілетін қамқорлық, ілтипат, жылы қабақ, түсіністік оған сенім, күш сыйлайды.
Егерде ол, бала өсіруде қате жіберсе, осалдық байқатса, қартайғанда опық жейтіні, өкінішке ұрынатыны ешбір дәлелдеп жатуды қажет етпейтін ақиқат. Бала тәрбиесі туралы сөз болғанда: «Баланы жастан» - деген халық даналығын ұмытуға ешкімнің хақысы жоқ.
Бұзақылықтың басы бос жүруден бас­талады. Кейде сабақтан жиі қалдыруға әртүрлі сылтауларды үлкендердің өзі үйретіп отырады. Бұл жағдайда балаға өтірік айтуды үйретіп отырғанын аңғармай да қалуы мүмкін. Иә, «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсең» демекші ата-ана тәрбиесі бала өмірінде үлкен із қалдырады. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау – ата-ананың міндеті. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала – әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік дегім келеді.
«Тағдыр таразысының қалай қарай ауатыны, бесіктің қалай тербелуіне байланысты» деген екен Жүсіп Баласағұн. Олай болса, бүгінгі көтерілген көкейтесті мәселе – бала тәрбиесіне ерте бастан көңіл бөліп, жасөспірім шаққа келгенде мектеп пен жанұя қарым-қатынасын нығайта отырып, жас ұрпақтың жақсы азамат болып өсіп-өнуіне атсалысу баршамыздың ортақ міндетіміз екендігін ұмытпайық.
Иә, бала тәрбиесінде біз бәріміз жауаптымыз. Ұлттық рухты, ұлттық кодты сақтағымыз келсе, мәңгілік ел болу үшін бала тәрбиесіне мән берейік. Жиынның айтпағы да осы болатын.
Жиналыста әрине, сала басшысы Баян Орынбекқызы мазмұнды баяндама жасап, ұрпақ тәрбиесіне қатысты орнықты ойларын ортаға салды. Баяндамаға тұздық ретінде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, есірткіге тәуелділік салдары, өз-өзіне қол салушылық, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі жайлы деректер келтірілген бейнефильмдер көрсетілді. Ата-анаға керекті 7 кеңесті арнайы слайд арқылы көрсетті. Көпшілікке бұл фильмдердің ой салғаны, санаға сәуле түсіргені анық. Жиында сонымен бірге аудандық жергілікті полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Қасымхановтың да хабарламасы тыңдалды. Балалардың бойында жат әрекеттер қалыптасқан жағдайда немесе түрлі қылмыстың алдын алу үшін не істеу керек деген сауалдарға жауап берген хабарламаның да жұртқа берері көп болғаны анық. Жиын соңында тәрбиелі ұрпақ өсірген, бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, мектеппен тығыз қарым-қатынас орнатқан отбасыларға, әулет мүшелеріне арнайы алғыс хат тапсырған сала басшысы осы шараны өткізу барысында жұртшылыққа оймақтай ой тастады деп ойлаймыз.
Жиынға ауыл тұрғындары, ата-аналар, қоғамдық ұйым жетекшілері түгел қатысты.

Суреттерде: Жиынға қатысушылар. (1-сурет). Шіркейлі ауылында өткен жиналыста еңбек ардагері Б.Махашұлы сөз алып, ата-ананың бала өміріндегі, оның тәрбиесіндегі орны жайлы өз ойын білдірді. (2-сурет).

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ,
Е.БЕРКІНБАЕВ,
Б.ОДАБЕКОВ
27 ақпан 2018 ж. 2 088 0