Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨКНӘРМЕН КІНӘЛІ БОЛҒАНДАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

КӨКНӘРМЕН КІНӘЛІ БОЛҒАНДАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ


«Көкнәр-2017» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмысшы тобымен және аудандық ішкі істер бөлімінің күштерімен ауданымызда есірткі алқаптарын өсірудің 31 дерегі анықталды. Оның ішінде, А.Тоқмағанбетов, Іңкәрдария ауылдарында – 5, Шіркейлі және Жетікөл ауылдарында – 4, Ақжарма, Айдарлы, Бесарық ауылдарында – 3, Аманкелді, Шаған ауылдарында – 2 деректен анықталған.
Анықталған 31 есірткі алқаптарының 20-сы ауданның қосалқы жерлеріне, 11-і учаскенің түрлі меншік иелеріне тиесілі екені анықталып, жер учаске иелеріне қатысты жерлерін қайтару бағытында тиісті шаралар қабылданды.
Есірткі алқабына қатысты ұсталған қылмыскерлер са­ны – 13, оның 8-і жергілікті тұрғындар болса, қалған 5-і Қызылорда қаласының тұрғындары. 4-і бұрын соңды есірткі қылмысымен жауаптылыққа тартылғандар есебінен.
Нәтижесінде, заңсыз айналымнан барлығы 8,545 түп, 3,600 келіге жуық есірткі құралы тәркіленіп, өртеу жолымен жойылды.
Осыған байланысты Сырдария ауданы әкімдігі жанын­дағы құқық қылмыстары профилактикасы жөніндегі комиссия отырысында есірткі қылмыстары профилактикасы бойынша тиісті мәселелер талқыланған.
Онда Сырдария АІІБ, ЖПҚ, аудандық жер қатынастар бөлімі, ауыл әкімдерімен бірлесіп, кұрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге қарсы іс-қимыл жөніндегі «Көкнәр-2018» бірлескен жедел-профилактикалық іс-ша­ра­ларының жоспары әзірленіп, жоспарда көрсетілген тармақтардың орындалуы қатаң бақылауға алынды. Атап айтқанда, есірткі өсімдігін анықтау және есірткі алқабы анықталған жағдайдағы кент, ауыл әкімдері, жер қатынастар бөлімі, орман шаруашылығы, жануарлар әлемі инспекциясы, ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан атқарылуы тиіс іс-шаралар (алгоритм действий) мен есірткінің барлық түрлерінің сипаттамалары және белгілері көрсетілген қысқаша түсіндірме әдістемелік ұсынымдар АІІб-мен әзірленіп, кент, ауылдық округ әкімдеріне, қоғамдық кеңес мүшелеріне және шаруа қожалықтарына табысталды.
Сондай-ақ, ауыл әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары арасындағы есірткіні заңсыз өсіру қылмыстарын алдын алу, болдырмау мақсатында ынтымақтастық туралы меморандум әзірленіп, оның аясында жұмыссыздарды жұмыспен қамту орталығына тіркеу, әрбір елді-мекен бойынша учаскелік полиция инспекторына көмекші ретінде жасақшы сарбаздарын құру арқылы бос жүрген тұрғындарды тұрақты қаражат көзімен қамтамасыз етумен қатар, қылмыстардың профилактикасын жандандыру мәселесі қаралды.
Одан бөлек, есірткі алқабына қатысты құрықталған тұлғаларға қатысты аудандық мәдениет үйінде ашық көшпелі сот отырысы ұйымдастырылып, кінәлілерді ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі соттың үкімі халық алдында жарияланды. Осылайша, еліміздің болашағы мен ұрпағымыздың денсаулығына қауіп төндіретін ауыр санаттағы қылмыс үшін жауапкершіліктің де ауыр болатындығы айқын дәлелмен халыққа жеткізілді.

Аудандық ішкі істер бөлімі
27 ақпан 2018 ж. 1 189 0