Руслан РҮСТЕМОВ, Сырдария ауданының әкімі: Су ағысын бәсеңдететін құрылғылар салынады
Аудан әкімі Руслан Рүстемов аудан төңірегіндегі "Айтек" су торабына байланысты фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады.
– Осы жылдың наурыз айында аудан төңірегіндегі «Айтек» су торабының төменгі бьефіндегі темір бетон плиталары мен жағалары опырылып, ағысқа әсер етті. Салдарынан ауданға қарасты елді мекендерге қауіп төнген жағдайы бар. Осыған байланысты қалпына келтіру құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Мән-жайға қанық болу үшін бүгін «Айтек» су торабына барып, мамандармен пікірлестім. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Б.Искаковпен атқарылатын жұмыстар барысын талқыладық.
«Айтек» су торабы құрылысын қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттарға республикалық бюджеттен 47 млн теңге бөлінген. Құжаттарды конкурс арқылы Шымкент қаласындағы «Улмад» ЖШС ұтып алып, дайындады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Тапсырыс беруші Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті.
Жалпы, құрылысты қалпына келтіру үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 700 млн теңге қаржы бөлінген. Биылғы жылы аталған бағдарлама бойынша ауданда 1,9 млрд теңгенің 18 жобасы қаржыландырылса, оған су торабы құрылысының жобасы қосылмақ. Нәтижесінде, ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2,6 млрд теңгенің 19 жобасы жүзеге асырылады. «Айтек» су торабы құрылысын қалпына келтіру жұмыстарына 150 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Сырдариясушар» өндірістік учаскесінің басшысы Б.Искаков жоба аясында атқарылатын жұмыстарды айтты. Құрылыс барысында табаны, жағалары, барлығы 300 метр жер бетондалады. Сондай-ақ су ағысын бәсеңдететін құрылғылар салынады.
Құрылыс басталғанда оның сапалы жүргізілуі және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуы бақылауда болады, –делінген жазбада.