Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам тыныштығын бұзбау маңызды

Қоғам тыныштығын бұзбау маңызды

Құқық қорғау саласының қызметкерлеріне пандемия уақытында үлкен жауапкершілік жүктелді. Еліміз бойынша ахуалды тұрақтындыру үшін тәртіп сақшылары барынша қырағылық танытты. Төтенше жағдай кезінде сақтық шарасына көңіл бөліп, карантин талаптарына жіті бақылау жүргізді. Сонымен бірге қоғам тыныштығын күзеткен полиция қызметкерлері қылмыс деңгейін азайту үшін біршама жұмыстар атқаруда. Бүгінде аудандық полиция бөлімі тарапынан ауқымды шаралар қолға алынды.Бұл ретте жауапкершілігі мол саладағы айтулы істер жайлы бөлім басшысы Нұрлан Ибраевпен сұхбаттасқан едік.

– Полиция мамандығының мәртебесін көтеруге қандай жұмыстар жасалуда? Аудандық полиция бөлімінің негізгі құрылымын айта кетсеңіз.

– Қазіргі таңда аудандық полиция бөлімінде 83 қызметкер жұмыс жасайды. Барлық қызметкерлерге қоғам тыныштығын сақтау мен қылмыстың алдын алу бойынша айрықша міндет қойылған. Құқық қорғау саласының қызметкерлерін ынталандыру мақсатында тиісті шаралар қабылданған. ҚР Ішкі істер органдарының дұрыс имиджін қалыптастыру мен нығайту жөнінде қызметкерлерге жан-жақты тапсырмалар берілген.

Республикалық, облыстық аудандық дәрежеде белсенді қызметкерлерге «Алғыс» жарияланып келеді. Сонымен бірге әріптестеріміздің арасында «Құрмет громотасы» мен арнайы дипломдарға ие болған мақтаулы қызметкерлер баршылық.  Қай кезде де қоғам өмірінде ерекше рөл атқаратын құқық қорғау саласының мамандарымен мақтанамыз. Олар дер кезінде қырағылық танытып келеді. Кәсіби мамандардың біліктілігін жетілдіру негізгі міндетіміз.

Айта кету керек, жеке құрам қызметкерлерінің арасында қоғамдық құрылым жұмысын, офицерлер кеңесі, полицерлер кеңесі, әйелдер кеңесі мен ақсақалдар кеңесі  қызметін үйлестіру алдыңғы орында.

– Жаппай ұрлықпен күрес қалай жүргізілуде? Қолының сұғанағы бар адамдар арасында кәмелет жасқа толмағандар көптеп кездесуі нені білдіреді?

Қоғам өмірінде түрлі келеңсіздіктер орын алады. Оның ішінде ұрлық жасау – өзекті мәселе. Қапілімде жеке мүлікке қол соғушылар барлық адамдарға залал келтіреді.  Өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда ұрлық қылмысы 87-ден 35-ке төмендеген. Яғни, соңғы алты айлықта 52 қылмысқа азайды. Кейбір жағдайда ұрлыққа оқталу фактілері де кездеседі. Пәтер ұрлығы өткен жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда біркелкі 7 қылмысты құрап отыр.

Ұрлық қылмысын ашуда  көшелерге жүргізілген бейнебақылау жүйесі септігін тигізуде. Кәмелетке толмағандар арасында ұрлыққа бару фактісі анықталған жағдайда қылмыс жан-жақты зерделенеді. Мүлікті іздестіру шаралары ұйымдастырылып, жауапкершілікке тартылады. Кей жағдайда ата-анасына айыппұл салынып, ескерту жасалады. Жалпы алғанда аудан көлемінде ұрлықтың алдын алуға учаскелік полиция қызметкерлері жауапты.

– Мал ұрлығына байланысты жұмыстар қаншалықты деңгейде  жүргізілуде?

Мал ұрлығы өткен жылдың алты айына қарағанда биыл 14-тен 9 қылмысқа азайта білдік. Дер кезінде бақылау жұмыстары күшейтілгені арқасында соңғы үш жылда орын алған қылмыстар саны төменгі көрсеткішке ие. Мал ұрлығын ашуға да құқық қорғау саласының мамандары күш салуда.  Сондай-ақ, аудан көлемінде орын алған мал ұрлықтарын ашу, оқиға барысын айғақтау, жедел ахуалды тұрақтандыру мақсатында аудандық полиция бөліміне қарасты креминалды полиция бөлімшесі және жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлерінен тұратын мобильдік топтар рейд жұмыстарын ұйымдастырып келеді.

Ең маңыздысы   аудан бойынша өрістегі малдарды кезекпен бағу, малдарды сырғалау және құжаттандыру, мал бағуды жауапты әрі сенімді бақташыларға тапсыру керек.

Өз кезегінде  «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолымен және Қызылорда-Жалағаш тас жолы бойының ауданға қарасты бөлігінде күдік тудыратын автокөліктер тексеріліп, малдарды немесе малдың еттерін еш құжатсыз тасымалдаумен айналысқан бірнеше жүргізушіге Заңға сәйкес тиісті шаралар көрілді. Тағы бір айта кететін жайт, жол қозғалысын тежейтін автокөліктердің малдарды қағу оқиғасы арнайы мамандардың жүргізген сараптамасы нәтижесінде шешіледі. Барлық бағыттағы маңызды жолдарда мал жүретін аймақты жүргізушіге ескертіп отыратын белгілер қойылуы тиіс.

Жасөспірім қылмысына тоқтала кетсеңіз? Мектеп инспекторларының қызметі қалай үйлестіріледі?

Балалар біздің болашағымыз. Олардың саналы азамат болып қалыптасуына отбасында орын алатын түрлі оқиғалар әсер етеді. Жастарға дұрыс тәрбие беру ата-анаға байланысты. Олардың ұсақ қылмыстарға араласуы келешек ауыр қылмысқа баруға итермелейді. Негізінен жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын қылмыс және жасөспірімдерге қарсы бағытталған қылмыс болып бөлінеді. Жасөспірім қылмысы бойынша биылғы жылы тіркелген 6 жағдайды Қызылорда қаласының тұрғындары аудан аумағында жасаған.

Мектеп инспекторларына тоқталатын болсақ, аудан бойынша 3 қызметкер бөлінген. Алдағы уақытта тағыда қызметкерлер бөлуге жұмыстар жасалуда. 17 мектеп пен 1 агротехникалық колледж оқушыларына қоғамдық тәртіпті бұзбау үшін арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Ал жасөспірімдер арасында қылмыстық жағдай орын алса, ҚР әкімшілік-құқық бұзушылық кодексінде ата-аналарды жауапкершілікке тарту қарастырылған.

– Ауыр санатты қылмыстардың көрсеткішінде өсім бар ма?

Қылмыс жасаған адамдар түрлі санатта жауапқа тартылады. Бүгінде ауыр санаттағы қылмыстың көрсеткіші өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 6-дан 23-ке өскен. Қылмыс санының өсуі  ҚР Қылмыстық кодексінің нормаларына біршама өзгеріс енуіне байланысты. Сондықтан қылмыс саны жоғары көрсеткішке ие. Алдағы уақытта барлық санаттағы қылмыс түрлерін азайту үшін полиция бөлімінің қызметкерлері тарыпынан жан-жақты шаралар қолға алынады.

Аудан тұрақтылығын сақтау мақсатында учаскелік полиция қызметкерлерінің алдында қандай міндет тұр? Қоғамдық тәртіпті қадағалау қанша қызметкер тартылды.

Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындардың тыныштығын тұрақты ұстауға барлық полиция қызметкерлері жауапты. Тереңөзек кенті мен ауданға қарасты барлық елді мекендерде 20 учаскелік полиция мен 3 көмекші күні-түні қызмет атқарады. Сонымен бірге қоғамдық тәртіпті, әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында республикалық, облыстық, аудандық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Айта кету керек, 10-16 тамыз аралығында «Мас жүргізуші – қылмыскер»  тақырыбында құқық-бұзушылықтың алдын-алуға байланысты іс-шара өткізілді.  Шараның екі күнінде аудан тұрғындары арасында 36 құқық-бұзушылық анықталса, оның ішінде  2 жүргізушіге мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін аудандық сотқа істер жолданды. Негізінен шара барысында анықталған екі азаматқа автокөлік жүргізу құқығынан айыру немесе қамаққа алу санкциясы қарастырылған.

Жол қозғалысын реттеу мақсатында жол полициясы қызметкерлерінің еңбегі зор. Тәртіпке бағынбаған жүргізушілерге тосқауыл қою басты назарда.

 – Әлемді жайлаған пандемия уақытында нендей шаралар қабылданды? Карантин талаптарын орындамаған жекелеген тұлғаларға заң шеңберінде қандай жауапкершілік қолдануда?

– Наурыз айында Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының алғашқы жағдайы тіркелді. Пандемия салдарынан жергілікті тұрғындар жапа шекті. Вирустың таралуы жиілеп, ошақтар саны көбейді. Ел аумағында екі ай көлемінде төтенше жағдай жарияланды. Аудан бойынша 13 елді мекен мен кент аумағында 16 блок-бекет қойылды. Аманкелді ауылындағы ахуалды тұрақтандыру үшін жалпы 15 қызметкер жұмылдырылды. Оның ішінде 9 қызметкер аудандық полиция бөлімінен тартылса, 6 қызметкер Қызылорда облыстық департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасақ бөлімінен көмекке келді. Ал  15 блок-бекетке 52 қызметкер жұмылдырылды.

Төтенше жағдай кезінде қырағылық танытып, ахуалды тұрақтыруға атсалысқан аудандық полиция бөлімінің 67 қызметкерін ынталандыру жұмыстары қолға алынды. Белсенді полиция қызметкерлері арнайы дипломмен марапатталды.

Бүгінде күшейтілген карантин талаптарын бұзған аудан бойынша бірнеше факті анықталды. Барлық құқық-бұзушылық фактілері аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданып, тәртіп бұзғандарға тиісті шара көрілді.

Есірткі қылмысына байланысты ауқымды жұмыстар жасалып жатқан болар. Аз-кем тоқталып өтсеңіз.

– Есірткі қылмысымен күрес аудан көлемінде жоспар бойынша жасалуда. Жалпы «Қара сора – 2020» жедел профилактикалық шарасы 1 маусым мен 30 қазан аралығын жүргізіледі. Егіс алқаптары мен шаруашылық бағыттағы жерлер тексеріліп отырады. Шаруашылық иелеріне арнайы хат арқылы ескертілген. Аудан әкімдігі тарапынан есірткі қылмысының алдын алуға байланысты іс-шаралар бекітілген. Егерде шаруашылық аумағынан көкнәр егу фактісі анықталса, жер қатынастар бөлімінің шешімімен жердің бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылады.

Қазіргі таңда барлық елді мекендерде рейд жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Белгіленген аумақты бөліске сай тексеру қолға алынған. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Алдағы уақытта есірткі қылмысын тежеуге байланысты тиісті шаралар жүргізіле беретін болады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
14 тамыз 2020 ж. 677 0