Атқарылған жұмыс ауқымды
Аудан әкімі Руслан Рүстемов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы және алдағы жоспарлары жөнінде «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады. Аудан басшысы өз жазбасында «Covid-19» індетінің жаһанды жайлауы әлемдік экономиканың басты қатеріне айналғанын айта келе пандемия салдарынан аудан бюджетінің кіріс көздерінің азайғанын мәлімдеген. Сондай-ақ Мемлекет басшысының ел экономикасын тұрақты ұстау үшін жасалған кешенді шараларын ауданда іске асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізген.
«Өздеріңізге белгілі, қалыптасқан жағдайға байланысты қазір экономикалық ауыр кезеңді бастан өткерудеміз. Атап айтқанда, аудан бюджетінің шығыстары 187,7 млн теңгеге қысқарды. Осы орайда, жыл басынан бері аудан бюджеті 2 рет нақтыланып, ауданның өз кірістері 4 млрд 395, 3 млн теңге болды. 2020 жылдың 1 шілдесіне шығындар жоспары 100 пайызға орындалды. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға салынған инвестиция, құрылыс жұмыстарының көлемі және тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштері төмендеп отыр. Екінші жартыжылдықта аталған салаларда мүмкіндігінше оң нәтижеге жетуге бағытталған шараларды жүргізу үшін қазір қолма-қол басқару тетігіне көштік. Аудан экономикасына тікелей ықпал жасайтын өңдеу өнеркәсібінде оң динамика сақталуда. Атап айтқанда, 2020 жылдың 1 шілдесіне өнеркәсіп саласы 67,5 пайызға, оның өңдеуші секторының көлемі 69 пайызға артып отыр» деген аудан әкімі ауданда осы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,7 пайызға ұлғайғанын атап өткен. Нақтырақ айтқанда, аудан бойынша қой мен ешкі саны 0,1 пайызға кемігенімен, ет өндірісінде 0,7, сүт өндірісінде 0,8 пайыз өсім қалыптасып отыр. Тамақ өнімдерін өндіру де төмендемеген. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция 2,2 есеге артқаны да жақсы көрсеткіш.
Кәсіпкерлікті дамыту – басым бағыттардың бірі. Кәсіпкерлік кең өріс алса, жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық азаяды және қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығы қалыптасады. Осыған орай ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.
«Биылғы жылдың 1 шілдесіне ауданда 2239 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, жұмыс жасайтын субъектілердің саны 2182 бірлікке жетті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10,8 пайызға өсті. Бұл аудан кәсіпкерлеріне жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетудің арқасында жүзеге асырылып отыр. Жыл басынан бері кәсіпкерлік саласында 379 млн теңгенің 146 жобасы қаржыландырылып, 148 жұмыс орны құрылды. «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша қаржыландыру үшін құны 166,5 млн теңгенің 39 жобасын кеңестің қарауына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл көрсеткіш әлі де төмен деңгейде. Сонымен қатар, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 17-21 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша құны 221,3 млн теңге 55 жоба, «Агробизнес-2020» және «Кең дала» бағдарламалары бойынша құны 39,8 млн теңге 6 жоба, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасымен құны 54,5 млн теңгеге 3 жоба және «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы арқылы 20 млн теңгені құрайтын 3 жоба қаржыландырылды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 17-21 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында «Стартап» жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 79 адамға 43,4 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстарды жандандыра береміз. Бұл ретте, сырдариялықтар белсенді болуы қажет» деп атап өткен аудан басшысы.
Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстарының маңызды екені белгілі. Аудан басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасында сүйінші хабарды жеткізді. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, осы жылы кент тұрғындары, сонымен бірге, әлеуметтік нысандар газды пайдалана бастайды. Бұл көпшіліктің көптен күткен жаңалығы.
Атап өту керек, «Нұрлы Жер» бағдарламасы (2 жоба 100 га және 35 га) бойынша Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданға ауыз су жүйелерін жүргізуге осы жылға республикалық және облыстық бюджеттен 524 млн теңге қаржы бөлінген. Осы аумаққа қиыршық тас автожолын салуға қажетті 1,2 млрд теңге қаржыны облыстық бюджеттен бөлуге ұсыныс беріліпті.
«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында ауданда 1,9 млрд теңгеге 18 жоба жүзеге асуда. Осының аясында Тереңөзек кентінде көпқабатты 2 тұрғын үйдің (42 пәтерлі) құрылысы басталды. Жетікөл ауылындағы тұрғын үйлерді сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту жобасы толық аяқталған сәтте биыл ауданда таза ауыз сумен қамту 100 пайыз шешімін табады. Бағдарлама аясында бірнеше жылдан бері елді мекендерде өзекті мәселеге айналған ішкі жолдар кезең-кезеңімен жөндеуден өткізілуде және аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ аудандағы бірнеше әлеуметтік нысандарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда. Жалпы, бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында барлығы 340 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 211 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасты. Жобалар аяқталғаннан кейін қосымша 8 тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Жалпы аталған бағдарлама аясында жоғары бюджеттердің есебінен үнемделген 114,3 млн теңге қаржыны осы бағыттағы жұмыстарға қайта бағыттау жөнінде тиісті облыстық атқарушы органдарға ұсыныс енгізілді. Шешімі күтілуде» – деген аудан басшысы.
Тіректі елді мекен санатындағы Ақжарма ауылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 699 млн теңге көлемінде қаржыландырылғанын ақпараттандырған болатынбыз. Бұл қаржыға 4 көше жарықтандырылады, 9 көше орташа жөнделіп, 3 көшеге темір-бетонды лоток орнатылады деп жоспарланған. Аталған жұмыстар толық аяқталғанда елді мекеннің әлеуеті бүгінгіден де жақсаратыны сөзсіз.
«Аудандық бюджет есебінен Тереңөзек кентінде 2 ойын алаңы пайдалануға берілді. Оған қоса, кентте 1 көшенің, Қалжан ахун ауылында 1 көшенің жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Жалпы, ауданға биылғы жылы 46 жобаны іске асыруға республикалық және облыстық бюджеттен 4,9 млрд теңге, аудандық бюджеттен 174 млн теңге, барлығы 5 млрд теңге қаржы бөлінді. Соның негізінде жыл қорытындысымен жұмыссыздық деңгейін өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға азайтып, 840 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз» деген аудан әкімі биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен алдағы тамыз айында аудан бюджетінің көлемін 272 млн теңгеге ұлғайту көзделіп отырғанын айтқан. Соның нәтижесінде ауданда кезегін күткен тағы да бірқатар жұмыстарды іске асыру мүмкіндігі туады.
Аудан басшысы жазбасын қорытындылай келе биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында қалыптасқан жағдайға қарамастан аудан экономикасының тұрақтылығы сақталғанына назар аударған. Кейбір салалардағы көрсеткіштер төмендегенімен, ауданға тартылып жатқан кіріс көздері негізінде барлық бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатқанын, негізгі көрсеткіштерді жыл соңына дейін толық орындауға ауданның мүмкіндігі жететінін атап өткен.
Атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөніндегі жаңалықты әлеуметтік желі қолданушылары жылы қабылдады. Желі белсенділері атқарылған жұмыстар көзге көрініп тұрғанын айтып, жоспарлы жұмыстардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асатынына сенім білдіріп, жергілікті атқарушы билік өкілдеріне сәттілік тілеген.
Балтабай ОРДАБЕКОВ