Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданындағы эпидемиологиялық ахуал талқыланды

Сырдария ауданындағы эпидемиологиялық ахуал талқыланды

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен селекторлық режимде Сырдария ауданының эпидемиологиялық ахуалына қатысты мәжіліс өтті.

Жиында алдымен аудан әкімі Руслан Рүстемовтің індеттің алдын-алу және таралуын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды.

Бүгінгі күнге дейін ауданда COVID-19 инфекциясымен 156 науқас тіркеліп, 65 адам емделіп шықты. Қазіргі таңда инфекциялық стационарда 27, үй жағдайында 1 науқас ем алуда. Пневмониядан 155 адам ауырып, 98 жазылып шықты.

Ауданда 80 төсек орны бар. Ахуал күрделенген жағдайда Шаған ауылдық ауруханасынан инфекциялық стационарға резервтік 30 орын, Аманкелді ауылдық ауруханасынан 20 орын, сонымен қатар, «Жалын» тынығу лагерінен 100 провизорлық төсек орын ашуға тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Жалпы 150 төсек орын дайындалады деп жоспарлануда.

Науқастарға ем алу үшін барлық жағдай жасалған. Ауданда 2 өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараты, 4 оттегі концентраторы, 50 оттегі баллоны бар. Сонымен қатар, демеушілер есебінен қосымша 50 оттегі баллондарын алу жоспарланып отыр.

Жалпы карантин жарияланған кезеңнен бастап аудан бойынша демеушілер мен еріктілер тарапынан аудандық аурухана мен елді мекендерге медициналық құралдар, дәрі-дәрмектер, азық-түлік түрінде 13,4 млн. теңгеге көмек көрсетілді.

Коронавирустың таралуын шектеу мақсатында 12 мобильдік және 3 мониторингтік топтар құрылып, күнделікті кәсіпкерлік нысандарын және арнайы белгіленген аймақтарын аралап, санитариялық талаптардың сақталуына бақылау жасауда және тұрғындар арасында отбасылық жиындардан бас тарту туралы түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.
Облыс әкімі инфекциялық орындарды көбейтуді және қажетті аппараттар, дәрілік заттармен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Инфекциялық стационарларды көбейтіңіздер. Емдеу мекемелерін оттегі концентраты және оттегі болландармен қамтамасыз етіңіздер. Дәрі-дәрмек қоры бақылауда болсын. Тұрғындарға қажетті дәрілік заттар дәріханаларда қолжетімді бағада болу керек. Кәсіпкерлермен келісім жүргізіп, жеткізілу мәселесін қарастырыңыздар», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
23 шілде 2020 ж. 729 0