Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » С.Сейфуллин ауылында 6 көше жөнделеді

С.Сейфуллин ауылында 6 көше жөнделеді

Бүгін аудан әкімі Р.Рүстемов С.Сейфуллин ауылында болып, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс басында аудан басшысымен бірге аудандық мәслихат дептутаты Б.Есназар да болды.

Өз кезегінде аудан әкімі жыл басында өткен есепті кездесулерде бірнеше ауылдарда жол мәселесі көтерілгенін, тұрғындар мен мектеп оқушыларына жауын-шашын күндері жол қатынасы қиындық туғызып келгенін айта келе, биыл ауылда көптің тілегі шешімін тауып, жалпы құны – 105,1 млн.теңгені құрайтын 6 көше орташа жөндеуден өтетіндігін жеткізді. Сонымен бірге салалық бөлім басшысы мен мердігер мекеме өкіліне ең бастысы жолдың сапасына көңіл бөлу қажеттігін қатаң ескертті.

Ауылдың ішкі көшелеріне орташа жөндеуді «Дарен Строй Сервис» ЖШС жүргізуде. Жұмысқа 26 адам (оның ішінде, 13 адам халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы), 10 техника жұмылдырылған. Мердігер мекеменің директоры Д.Мұхамедияров аудан әкіміне жөндеу жұмыстары барлық технологиялық шарттар мен кестеге сәйкес жүргізіліп жатқандығын және жұмыс белгіленген мерзімде аяқталатындығы туралы баяндап өтсе, сол жерде мердігер мекеменің демеушілігі есебінен ауылдың Шортанбай би көшесінің соңғы 400 метр бөлігін жөндеу жұмыстары қолдау тапты.

Айта кету керек, биыл аудан бойынша «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына барлығы 919,0 млн теңге бөлінді. Оның ішінде, аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жаңадария» автомобиль жолының 10-25 шақырым аралығын орташа жөндеуге 389,9 млн теңге, Тереңөзек кентінде 5 көшені, Шіркейлі ауылында 6 көшені, Айдарлы және Шаған ауылдарында 1 көшеден орташа жөндеуге 529,1 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күнге барлық жобалар бойынша мердігер мекемелер анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Аталған жобалар шеңберінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы барлығы 88 азаматты жұмыспен қамту көзделген.
01 шілде 2020 ж. 679 0